Кімнің жалақысына қанша қосылады: Үкімет дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлерге төленетін жаңа үстемақы мөлшерін бекітті

Редакция
20 қараша 2026, 10:00
Кімнің жалақысына қанша қосылады: Үкімет дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлерге төленетін жаңа үстемақы мөлшерін бекітті Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін медицина және әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған жаңа үстемақыларды есептеу тәртібі нақтыланды. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Құжатқа сәйкес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) ұйымдарында істейтін мамандардың қосымша ақысы олардың үздіксіз еңбек өтіліне тікелей байланысты болмақ:

  • 2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі үшін - лауазымдық жалақының 20%-ы;

  • 3 жылдан астам өтілі үшін - лауазымдық жалақының 30%-ы;

  • 5 жылдан астам өтілі үшін - лауазымдық жалақының 50%-ы мөлшерінде үстемақы белгіленеді.

Бұл өзгеріс учаскелік терапевт, учаскелік педиатр және жалпы практика дәрігерлеріне қатысты. Сондай-ақ орта медициналық персонал қатарындағы учаскелік және жалпы практика мейірбикелері, фельдшерлер, акушерлер, патронаждық және мектеп мейірбикелері де осындай үстемақы алады.

Сонымен қатар халықпен тікелей жұмыс істейтін АМСК ұйымдарының медициналық емес қызметкерлеріне психоэмоционалдық және физикалық жүктеме үшін бөлек төлем қарастырылған. Атап айтқанда, психологтарға базалық лауазымдық жалақының 300%-ы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200%-ы көлемінде үстемақы төленеді.

Құжат негіздемесінде бұл шаралардың атаулы сипатқа ие екені және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін мамандарды жұмыс орнында тұрақтандыруға бағытталғаны айтылған. Жобаны іске асыру кадр тапшылығы мен тұрақсыздығын азайтып, пациенттерді бақылау сабақтастығын сақтауға және қазіргі мамандарға түсетін жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, Үкіметке дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі тапсырманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында берген болатын. Мемлекет басшысы бұл қолдау шарасы 77 мыңнан астам маманды қамтитынын атап өткен еді.

Соңғы жаңалықтар