$ 457.99 € 534.15 ₽ 5.47

Футболдан әлем чемпионаты мен «Формула-1» Lego сатылымын 21 пайызға өсірді

Редакция
25 тамыз 2026, 15:50
Футболдан әлем чемпионаты мен «Формула-1» Lego сатылымын 21 пайызға өсірді Сурет авторы: Reuters

Әлемге танымал даниялық Lego ойыншық өндірушісі үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында түсімді 21%-ға арттырғанын мәлімдеді. Компанияның бұл қарқынды өсіміне футболдан Әлем чемпионаты мен Формула-1 жарыстарына арналған жаңа жинақтардың шығуы тікелей әсер етті, деп хабарлайды Reuters.

Нарықтағы бәсекелестері Mattel мен Hasbro компанияларын артта қалдырған Lego табысты өсімді көрсетіп отыр. Брендтің басты стратегиясы – танымал фильмдермен, ойын-сауық франшизаларымен әріптестік орнату және тек балаларға емес, ересектерге де арналған жинақтар қатарын көбейту. Lego атқарушы директоры Нильс Кристиансеннің айтуынша, бірінші жартыжылдықта ұсынылған өнімдер аудиторияның жаңа қызығушылықтарын дөп басты.

Жыл басынан бері компания 330-дан астам жаңа жинақ шығарды. Олардың ішінде 199,99 доллар тұратын ресми FIFA Әлем кубогының көшірмесі, интерактивті кірпіштерден құрастырылатын Pokemon жинақтары және әсіресе қыздар арасында үлкен сұранысқа ие болған K-Pop Demon Hunters жинақтары бар.

Сонымен қатар, компания өкілдері мұнай бағасының өсуіне байланысты пластмасса шығындары артқанын жасырмайды. Алайда, Lego қазіргі уақытта қазба отынына негізделмеген баламалы материалдарды белсенді пайдаланатындықтан, бұл қиындықтарды жеңіл еңсеріп келеді. Компания алдағы уақытта қайта өңделетін және экологиялық таза материалдарға толық өтуді жоспарлап отыр.

Өнімді тұтынушыларға жақынырақ өндіру мақсатында Lego АҚШ-тың Вирджиния штатында жаңа зауыт пен дистрибьюторлық орталықтың құрылысын жүргізуде. Оны 2027 жылдың ортасына қарай пайдалануға беру көзделген.

Соңғы жаңалықтар