$ 465.74 € 537.23 ₽ 5.62

Зеленский: Ресей жүздеген мың адамды әскерге шақыруға дайындалып жатыр

Абдрахманов Мағжан
12 тамыз 2026, 11:18
Зеленский: Ресей жүздеген мың адамды әскерге шақыруға дайындалып жатыр Сурет авторы: Украина президентінің баспасөз қызметі

Ресей Мемлекеттік дума сайлауынан кейін екі кезеңді мобилизация жүргізуге дайындалып жатыр. Мұны Украина президенті Владимир Зеленский елдің әскери барлау басшысы Олег Иващенконың баяндамасына сүйеніп мәлімдеді.

Зеленскийдің сөзінше, Украина барлауындағы мәліметтер Ресейдің ішкі құжаттарымен де расталады. Алайда ол қандай құжаттар туралы айтып отырғанын нақтыламады.

Украина президентінің мәлімдеуінше, алғашқы кезеңде Ресей билігі сайлаудан кейін жыл соңына дейін бірнеше жүз мың адамды қосымша әскерге шақыруы мүмкін. Тағы осынша адамды келесі жылы мобилизациялау жоспары бар. Бұл келісімшартпен әскери қызметке адам тарту науқанынан бөлек жүргізіледі деген болжам айтылды.

«Сайлау деп аталатын науқаннан кейін жыл соңына дейін бірнеше жүз мың ресейлікті жедел түрде қосымша мобилизациялауды, ал келесі жылы тағы осынша адамды шақыруды жоспарлап отыр», – деді Зеленский.

Ол Украина билігі Ресейдің бұл жоспарын жүзеге асыруды барынша қиындатуға дайындалып жатқанын айтып, барлау мен арнайы қызметтерге тиісті тапсырма бергенін мәлімдеді.

Ресей Мемлекеттік думасының сайлауы 2026 жылғы 18–20 қыркүйекке жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар