$ 487.02 € 552.23 ₽ 6.51

Венесуэлада қатарынан екі жойқын жер сілкінісі болды: құрбандар саны ондаған мыңға жетуі мүмкін

Абдрахманов Мағжан
25 маусым 2026, 09:40
Венесуэлада қатарынан екі жойқын жер сілкінісі болды: құрбандар саны ондаған мыңға жетуі мүмкін Сурет авторы: Reuters

24 маусым күні Венесуэланың солтүстік және орталық бөлігінде қатарынан магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі тіркелді. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, астана Каракаста тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттар қираған.

Жер сілкіністерінен кейін Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес елде төтенше жағдай режимін жариялады. Сонымен қатар жер сілкінісі салдарынан зақым келгендіктен Каракас халықаралық әуежайы уақытша жабылды.

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) алдын ала бағалауынша, апат салдарынан қаза тапқандар саны 10 мыңнан 100 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Алайда Венесуэла билігі әзірге қаза болғандар туралы ресми мәлімет жариялаған жоқ. Алдын ала есеп бойынша экономикалық шығын елдің жалпы ішкі өнімінің 2–20 пайызына тең болуы ықтимал.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, алғашқы жер сілкінісі жергілікті уақытпен шамамен сағат 18:00-де тіркелген. Оның ошағы Кариб теңізі жағалауындағы Морон қаласынан батысқа қарай 28 шақырым жерде, 13 шақырым тереңдікте орналасқан. Бір минутқа жетпейтін уақыттан кейін осы ауданға жақын маңда екінші жер сілкінісі болған.

Сондай-ақ 25 маусымға қараған түні Жапонияның Хонсю аралының солтүстік-шығыс жағалауында да магнитудасы 7,2 болатын жер сілкінісі тіркелді.

Соңғы жаңалықтар