$ 456.88 € 534.64 ₽ 5.47

«Украинаны қақ бөледі»: Зеленский сайлау өткізу қаупі туралы айтты

Абдрахманов Мағжан
24 тамыз 2026, 10:11
«Украинаны қақ бөледі»: Зеленский сайлау өткізу қаупі туралы айтты Сурет авторы: Украина президентінің баспасөз қызметі

Украина президенті Владимир Зеленский соғыс жүріп жатқан кезде елде сайлау өткізу мемлекетті ыдыратуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда сайлау өткізу үлкен қауіп төндіреді.

«Егер біз елді ыдыратқымыз келсе, осындай соғыс жағдайында сайлау өткізуге қарай қадам басуға болады деп ойлаймын», – деді Зеленский.

Ол Украинаны сайлау өткізуге бір жыл бұрын да итермелегенін айтып, содан бері ұстанымы өзгермегенін жеткізді. Зеленскийдің сөзінше, серіктестер сайлауды қауіпсіз, заңды әрі демократиялық жолмен өткізудің нақты шарттарын ұсынса, Киев оны талқылауға дайын.

Президент сайлауға әскерилердің, майдан шебіне жақын аумақтардағы тұрғындардың және соғыстан қашып, шетелге кеткен миллиондаған Украина азаматының қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етілуі керек екенін атап өтті. Сондай-ақ дауыс беру кезінде соққы мен атқылау қаупі болмауға тиіс. Алайда, оның айтуынша, мұндай нақты ұсыныстар әзірге түспеген.

«Осындай соғыс кезінде сайлау – үлкен қауіп. Дәл қазір сайлау өткізу мемлекет үшін цунами секілді, ол Украинаны қақ бөледі. Сондықтан менің ұстанымым – елді соғыстың аяқталуына дейін жеткізіп, тәуелсіз әрі егемен мемлекетті сақтап қалу», – деді Зеленский.

Украина президенті бұған дейін қорғаныс министрі қызметінен кеткен Михаил Федоров туралы да айтты. Зеленскийдің сөзінше, олардың арасында Федоров ұсынған «соғыс министрлігі» тұжырымдамасына байланысты келіспеушілік болған.

Зеленский Федоровқа әскердің бас қолбасшысы болмайтын, ал Бас штаб бастығы іс жүзінде министрге бағынатын құрылым туралы ұсыныстан бас тартуды айтқанын жеткізді. Кейін Федоров сол бастаманы басқа жолмен жүзеге асыруға тырысқанын мәлімдеді.

«Мен Михаилға өте жақсы қарадым және әлі де солай қараймын. Біз бірге көп нәрсені бастан өткердік. Бірақ ол өзі немесе біреулердің ықпалымен дұрыс емес бағытқа бет алып бара жатыр деп есептеймін», – деді Зеленский.

Соңғы жаңалықтар