$ 464.77 € 541.36 ₽ 5.41

Трамптың кезекті шулы шешімі: АҚШ картадан канадалық атауды алып тастады

Редакция
28 тамыз 2026, 09:56
Трамптың кезекті шулы шешімі: АҚШ картадан канадалық атауды алып тастады Сурет авторы: © AP Photo/ Alex Brandon

АҚШ Президенті Дональд Трамп Солтүстік Америкадағы ең ірі су айдындарының бірі - Онтарио көлін «Америка көлі» (Lake America) деп қайта атау туралы тиісті жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады.

Журналистердің осы шешім арқылы Канада тарапына қандай белгі берілгені туралы қойған сұрағына мемлекет басшысы «Ешқандай» деп қысқа қайырды.

Онтарио - АҚШ пен Канада шекарасында орналасқан Солтүстік Америкадағы ең ірі бес көлдің бірі. Жалпы аумағы 19 мың шаршы шақырымды құрайтын бұл су айдынының солтүстік жағалауы Канадаға, ал оңтүстік жағалауы Нью-Йорк штатына тиесілі. Халықаралық заңнамаға сәйкес, АҚШ Президенті қол қойған құжаттың заңды күші тек Америка Құрама Штаттарының аумағында және оның ресми құжаттамаларында ғана қолданылады.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл қадам Вашингтон мен Оттава арасындағы сауда-экономикалық қайшылықтар мен баж салығына қатысты келіссөздердің тоқтауы аясында жасалған. Бұған дейін Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ-тың Канаданың Онтарио провинциясымен белсенді бизнес жүргізуді жоспарлап отырмағанын, сол себепті су айдынының атауы өзгертілуі тиіс екенін мәлімдеген болатын.

Канада Премьер-министрі Марк Карни бұл шешімге категориялық түрде қарсылық білдірді. Үкімет басшысы көлдің атауын осыдан 400 жыл бұрын гурон үндістері қойғанын алға тартып, бұл нысан канадалықтар үшін «әрдайым Онтарио болып қала беретінін» атап өтті.

Айта кету керек, бұған дейін АҚШ әкімшілігі тарифтік және сыртқы саясат шеңберінде Мексика шығанағын «Америка шығанағы» деп атау туралы да ұқсас шешім қабылдаған еді. Сондай-ақ Америка басшысы бұған дейін Канада өкілдерінің саясатын қатаң сынға алып, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың нашарлауы мүмкін екенін ескерткен болатын.

Соңғы жаңалықтар