$ 462.22 € 536.5 ₽ 5.43

Трамп Иранға қарсы ауқымды экономикалық соғыс жариялады

Абдрахманов Мағжан
20 тамыз 2026, 16:14
Трамп Иранға қарсы ауқымды экономикалық соғыс жариялады Сурет авторы: Anna Moneymaker

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы бұрын-соңды болмаған ауқымды экономикалық қысым басталатынын мәлімдеді. Ол бұл туралы 20 тамызда Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

Трамптың айтуынша, АҚШ Иранды экономикалық тұрғыдан барынша оқшаулауға кіріседі.

«Бүгін мен қандай да бір елге қарсы бұрын-соңды жүргізілген ең жойқын экономикалық операцияның басталғанын жариялаймын. Бұл – ауқымы бұрын-соңды болмаған экономикалық соғыс және оқшаулау болады», – деді ол.

АҚШ президенті Иранға қолдау көрсететін немесе онымен сауда жасайтын кез келген елге «орасан» санкциялар салынатынын ескертті. Сондай-ақ Вашингтонның одақтастарын Тегеранды оқшаулау науқанына қосылуға шақырды.

Бұған дейін АҚШ Иранның мұнай, кеме қатынасы және қаржы салаларына ауқымды санкциялар енгізген. Вашингтонның мақсаты – Иранның энергия тасымалдаушылар экспортынан түсетін кірісін шектеу.

Жаңа шаралар сәуірдің басында АҚШ жариялаған «Экономикалық қаһар» операциясы аясындағы қысымды күшейтудің жалғасы болуы мүмкін.

18 тамызда Біріккен Араб Әмірліктері де Иранмен барлық сауда-саттықты, тауар алмасуды және қаржы операцияларын уақытша тоқтататынын жариялаған. БАӘ билігі Тегеранды елге қарай екі зымыран ұшырды деп айыптады. Иран бұл айыптауды жоққа шығарды.

Соңғы жаңалықтар