$ 480.72 € 548.07 ₽ 6.14

Прокурор Қамшыбек Ташиевке 9 жыл түрме жазасын сұрады

Абдрахманов Мағжан
30 маусым 2026, 10:29
Прокурор Қамшыбек Ташиевке 9 жыл түрме жазасын сұрады Сурет авторы: Откурбек Рахманов

Бішкекте өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевті 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы 24.kg басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Басылымның мәліметінше, 29 маусымдағы сот отырысы жабық форматта өткен. Прокурор сондай-ақ «75-тің хаты» ісі бойынша жауапқа тартылып жатқан барлық айыпталушыға да дәл осындай жаза тағайындауды сұраған.

Қамшыбек Ташиевке билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Осы іс бойынша бұрынғы бас прокурор Курманкул Зулушев, Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулу және тағы бірнеше адам сот алдында жауап беріп жатыр.

Қылмыстық іс биыл ақпанда жарияланған «75 ақсақалдың хаты» деп аталған үндеуден кейін қозғалған. Хат авторлары Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. Көп ұзамай Қамшыбек Ташиев қызметінен босатылды.

Ташиев пен өзге айыпталушылар тағылған айыптарды мойындамайды. Бұған дейін ол Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жақын серіктерінің бірі саналып, елдегі ең ықпалды саясаткерлердің қатарында болған.

Соңғы жаңалықтар