$ 540.78 € 618.65 ₽ 6.71

Пәкістан: Үндістан 24–36 сағат ішінде әскери шабуыл жасауы мүмкін

Редакция
30 сәуір 2025 04:43 2650
Пәкістан: Үндістан 24–36 сағат ішінде әскери шабуыл жасауы мүмкін Сурет авторы: AFP

Пәкістанның ақпарат және телерадио министрі Аттаулла Тарардың мәлімдеуінше, Үндістан алдағы 24–36 сағат ішінде Пәкістанға әскери соққы жасауға дайындалып жатыр. Бұл туралы ол 30 сәуір күні таңертең X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Министр өз сөзін "сенімді барлау мәліметтеріне" сүйеніп айтып отырғанын мәлімдеді.

Тарардың айтуынша, 22 сәуірде Кашмирдегі Пахалгам қаласында болған теракт сылтау ретінде пайдаланылмақ. Сол оқиғада 26 адам қаза тапқан, олардың басым бөлігі – туристер. Үндістан бұл шабуылға Пәкістанды айыптаған болатын, алайда Исламабад бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып, бейтарап тергеу жүргізуге шақырды.

«Кез келген агрессияға нақты жауап беріледі. Аймақтағы кез келген ауыр салдар үшін толық жауапкершілік Үндістанға жүктеледі», – деді Тарар.

Еске салайық, Пахалгамдағы шабуылдан кейін Үндістан Пәкістанмен дипломатиялық қатынастарды барынша төмендетіп, құрлық және әуе шекараларын жапты, сондай-ақ 1960 жылғы Инд өзеніне қатысты су келісімін тоқтатты. Пәкістан да жауап ретінде дипломатиялық деңгейін төмендетіп, екіжақты сауданы тоқтатты.

Соңғы жаңалықтар