$ 467.48 € 539.52 ₽ 5.73

«Өзімізге де керек»: Трамп Украинаға қару жеткізу туралы айтты

Абдрахманов Мағжан
07 тамыз 2026, 10:12
«Өзімізге де керек»: Трамп Украинаға қару жеткізу туралы айтты Сурет авторы: Depositphotos/KLYONA

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қосымша зымыран жеткізу мәселесіне қатысты пікір білдіріп, Вашингтонның өзіне де қару-жарақ қажет екенін айтты. Бұл туралы ол 6 тамызда Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Журналист Трамптан Украинаға аса қажет Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған қосымша зымырандар мен алысқа ұшатын зымырандар беріле ме деп сұрады.

«Өзімізге де зымыран керек», – деп жауап берді АҚШ президенті.

Трамп АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігін Украинаға әскери көмек көрсету арқылы елдің оқ-дәрі қорын азайтып жіберді деп айыптады. Оның сөзінше, қазір АҚШ бұл қорды қайта толықтырып жатыр.

Сонымен бірге Трамп АҚШ Қарулы күштерінің жағдайы жақсы екенін және елде жеткілікті қару-жарақ бар екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Киевке жасаған кезекті шабуылынан кейін серіктес елдерді Patriot жүйесіне арналған зымырандармен көмектесуге шақырған. Ол Украинаға әуе шабуылынан қорғанатын құралдар дәл қазір қажет екенін айтқан.

Соңғы жаңалықтар