$ 472.03 € 540.29 ₽ 6.11

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің жерлеу рәсімі қашан өтеді және оған кімдер барады?

Абдрахманов Мағжан
03 шілде 2026, 15:19
Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің жерлеу рәсімі қашан өтеді және оған кімдер барады? Сурет авторы: REUTERS / Hasnoor Hussain

Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеидің жерлеу рәсіміне сегіз мемлекеттің басшысы мен 12 елдің парламент спикерлері қатысады. Бұл жөнінде Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласының билік өкілдері мәлімдеді.

Қазақстандық ақпарат құралдарының Иранның Қазақстандағы елшілігіне сілтеме жасап хабарлауынша, қаралы жиынға Қазақстан Республикасы атынан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев қатысады. Иран Сыртқы істер министрлігінің нақтыланған мәліметінше, шараға Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ирак Президенті Абдуллатиф Жамал Рашид, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян және Пәкістан Премьер-министрі Шахваз Шариф баратынын ресми түрде растады.

Иранның рухани көсемімен қоштасу рәсімі 4 шілдеде Тегеран қаласында басталады. Оның сүйегі 9 шілдеде өзінің туған жері – Мешхед қаласында жерленеді деп жоспарланған. Ресми тұлғалардың болжамы бойынша, бірнеше күнге созылатын қаралы шараларға 12 миллионнан 20 миллионға дейін адам қатысуы мүмкін.

Айта кетейік, Иран мемлекетін 1989 жылдан бері басқарып келген Аятолла Әли Хаменеи осы жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ қарулы күштерінің Тегеранға жасаған әуе соққысы кезінде қаза тапқан болатын. Тегеран билігі елдегі соғыс жағдайына байланысты рухани көсемді жерлеу рәсімін осы уақытқа дейін кейінге қалдырып келді.

Соңғы жаңалықтар