$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Астанада діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі туралы құжат қабылданды

Редакция
07 қазан 2026, 17:42
Астанада діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі туралы құжат қабылданды Сурет авторы: akorda.kz

Астана төрінде жаһандық тыныштық пен болашақ әлемнің бейнесін айқындайтын алқалы жиын өтті. Жер шарының 20 елінен келген 30-дан астам ықпалды дінбасылар, мемлекеттік қайраткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысына жиналды. Жоғары деңгейдегі жиынға Қазақстан Республикасының Вице-Президенті – Хатшылық басшысы Ерлан Қарин төрағалық етті.

Қазiргi соғыстар, дағдарыстар мен климаттық апаттар белең алған заманда саяси келіссөздердің қауқарсыздығы біліне бастады. Осындай сындарлы шақта Қазақстан «рухани дипломатия» идеясын алға тартып, әлемдік бейбітшілікті сақтаудың соны жолын ұсынды. Жай сөзден нақты іске көшкен Съезд қатысушылары тарихи мәні бар екі ерекше құжатты мақұлдады.

Ең алдымен, цифрлық ғасырдағы үлкен қауіптің бірі – жасанды интеллектке қатысты Этикалық кодекс қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген бұл ереже жасанды интеллект алгоритмдеріне арналған «өсиет» іспетті. Құжат діни мәтіндерді бұрмалауға, цифрлық фейктер арқылы адамдардың сенімімен манипуляция жасауға және кемсітушілікке тосқауыл қоюды көздейді. Бұдан бөлек, экологиялық жауапкершілікті күшейтетін «Таза Қазақстан» философиясымен үндес климаттың өзгеруіне қарсы күрес туралы халықаралық құжат та бекітілді.

Жиындағы тағы бір маңызды оқиға – Қазақстан мен Ватиканның Қасиетті Тағы бірлесіп ұсынған «Айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтары хартиясының» таныстырылуы болды. Әлемге танымал «Бамбино Джезу» ауруханасының сарапшылары атсалысқан бұл бастама ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіндердің құқықтарын қорғап, оларға қолдау көрсетуге бағытталған. 

Сонымен қатар Ерлан Қарин бұдан да ауқымды бастама – Жаһандық бейбітшілік қозғалысын құру жоспарына тоқталды. Тараптар Астана бейбітшілік декларациясы негізінде халықаралық деңгейде іске асырылатын кезең-кезеңімен даму жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ отырыс аясында Ерлан Қарин Мұсылман ақсақалдары кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен, БАӘ Толеранттылық және бейбіт өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед Әл-Сабримен және Қытайдың буддистік, даостық ұйымдарының өкілдерімен екіжақты маңызды кездесулер өткізді.

 

Соңғы жаңалықтар