$ 469.85 € 542.16 ₽ 5.78

АҚШ Иранмен соғыста алыс қашықтыққа ұшатын зымыран қорының басым бөлігін жұмсап тастады

Абдрахманов Мағжан
05 тамыз 2026, 11:33
АҚШ Иранмен соғыста алыс қашықтыққа ұшатын зымыран қорының басым бөлігін жұмсап тастады Сурет авторы: White Sands Missile Range/John Hamilton

АҚШ Иранмен болған соғыс кезінде жерден ұшырылатын алыс қашықтыққа арналған зымырандарының едәуір бөлігін пайдаланып қойған. Бұл туралы Reuters агенттігі АҚШ әкімшілігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, сөз негізінен ATACMS баллистикалық зымырандары мен жаңа буындағы PrSM (Precision Strike Missile) жоғары дәлдікті жедел-тактикалық зымырандары туралы болып отыр. Дереккөздердің айтуынша, АҚШ құрлық әскерінің қолындағы «жер – жер» санатындағы зымырандардың «басым бөлігі» жұмсалған. Алайда нақты саны жарияланған жоқ.

Reuters жазуынша, әрқайсысының құны 1 миллион доллардан асатын бұл зымырандар АҚШ үшін Қытай немесе Ресеймен ықтимал әскери қақтығыс жағдайында маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Сонымен қатар АҚШ әскери базаларындағы Tomahawk қанатты зымырандарының қоры да шамамен екі есе азайған. Бұдан бөлек, Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандар мен THAAD зымыранға қарсы қорғаныс кешендерінің оқ-дәрі қоры да едәуір қысқарған.

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) дерегіне сәйкес, биылғы ақпан мен шілде аралығында АҚШ Patriot кешендеріне арналған тосқауыл қоюшы зымырандардың шамамен 65 пайызын пайдаланған. Ал THAAD жүйесінің қоры кемінде 38 пайызға азайған. Reuters-пен сөйлескен АҚШ әкімшілігінің екі өкілі бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келетінін растаған.

Соған қарамастан Ақ үй бұл жағдайға алаңдауға негіз жоқ деп мәлімдеді. Президент Дональд Трамптың әкімшілігі АҚШ-тағы оқ-дәрі қоры әлемдегі кез келген елден әлдеқайда көп екенін және қазіргі қажеттіліктен де асып түсетінін айтты.

Соңғы жаңалықтар