$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Жеңе алмасаң, жей сал: Қай елдерде шегіртке жейді?

Редакция
11 маусым 2024 02:17 4299
Жеңе алмасаң, жей сал: Қай елдерде шегіртке жейді? Сурет авторы: agroo-vesti.ru

Елімізде шегіртке қаптап, зиянкестерді жою мәселесі өзекті болып отыр. 

Мәжіліс кулуарында журналистер премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннен зиянкестермен күрес қалай жүріп жатқанын сұраған болатын. Вице-премьер кейбір елдер шегіртке жейтінін, тіпті оның халал өнім екенін айтқан.

Расында, шегірткенің зиянын жоя алмай, амалсыздан оны жеуге көшкен елдер бар. 24kz-тің хабарлауынша, Қытай мен Мексикада шегіртке зиянкес емес, нағыз деликатес саналады. Ал Аустралияда шегірткеден 20 түрлі тағам жасайды. Мексикаға саяхаттап барсаңыз, сізге кәдесый ретінде шегірткеден жасалған тәтті ұсынуы мүмкін. Израильде оны жақсылап қуырып, Кувейтте кептіріп, Найробиде салат қып жейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, жер бетінде 2 миллиард адам жәндіктердің 1900 түрін күнделікті ас ретінде тұтынады. Былтыр Еуроодақ та шегірткеден жасалған ұн өнімдерін пайдалануға рұқсат ететін заң қабылдады. Ол заңға сәйкес, шегіртке ұнын тағам түрлеріне қосуға болады. Құрамында шегіртке ұны бар өнімдер міндетті түрде қаптамада көрсетіліп, аллергиясы бар адамдарға ескерту жазылады. Қазірдің өзінде шегірткеден жасалған печенье, паста, мюсли, ақуыз шариктері сияқты азық түрлері саудаға шығарылған.

Дегенмен кейбір елдерде халық шегірткені аштықтан жесе, кейбір елдерде зиянкестерден құтылудың басқа амалын таппағандықтан жеп жатқанын естен шығармаған жөн.

Соңғы жаңалықтар