$ 469.71 € 536.17 ₽ 6.01

Түркия соты Нетаньяхуға қатысты халықаралық іздеу жариялауды сұрады

Абдрахманов Мағжан
15 шілде 2026, 10:08
Түркия соты Нетаньяхуға қатысты халықаралық іздеу жариялауды сұрады Сурет авторы: AP Photo / Ronen Zvulun

Стамбұлдың 11-ші ауыр қылмыстық істер соты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты Интерполдың «қызыл хабарламасын» жариялау жөнінде сұрау жолдау туралы шешім қабылдады. Іс Газа секторына бет алған Global Sumud гуманитарлық флотилиясының ұсталуына байланысты қаралып жатыр.

Сот бұл шешімді Нетаньяху мен Израильдің тағы 34 жоғары лауазымды тұлғасына қатысты сырттай өтіп жатқан сот процесі аясында шығарды. Прокуратура оларды адамзатқа қарсы қылмыс, геноцид, азаптау, адамдарды заңсыз бостандығынан айыру, қасақана денсаулыққа зиян келтіру, тонау және көлік құралдарын заңсыз ұстап қалу сияқты баптар бойынша айыптап отыр. Айыптау тарапы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Алайда соттың бұл шешімі Интерполдың автоматты түрде «қызыл хабарлама» жариялағанын білдірмейді. Түркияның өтініші алдымен Интерполға жіберіледі, содан кейін ұйым оны өз ережелеріне сәйкестігі тұрғысынан қарайды. «Қызыл хабарлама» – халықаралық тұтқындау туралы бұйрық емес, ол іздеудегі адамды анықтап, уақытша ұстау жөніндегі өтініш саналады. Әр мемлекет оны өз заңнамасына сәйкес орындайды немесе орындамайды.

Бұл іс Израиль әскері 2025 жылы халықаралық суларда ұстап қалған Global Sumud гуманитарлық флотилиясына байланысты қозғалған. Бұған дейін, 2025 жылғы қарашада, Түркия соты Нетаньяху мен бірқатар израильдік шенеунікке қатысты тұтқындау туралы ордер шығарған болатын.

Соңғы жаңалықтар