$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Тоқаев FIDE басшысы болған Тимур Турловқа бірқатар міндет қойды

Редакция
07 қазан 2026, 16:38
Тоқаев FIDE басшысы болған Тимур Турловқа бірқатар міндет қойды Сурет авторы: aqorda_resmi

Президент Тимур Турловты FIDE президенті болып сайлануымен құттықтап, бұл оқиға Қазақстан мен ұлттық шахмат мектебінің халықаралық деңгейдегі беделінің артып келе жатқанын көрсететінін айтты. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтың ел үшін маңыздылығына тоқталып, оның жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Бүгінде Қазақстанда шахматпен 278 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады.

Мемлекет басшысы Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс жүлдеге ие болған Қазақстан әйелдер құрамасының жетістігін жоғары бағалады.

Сонымен қатар Президент ұлттық шахмат федерациясының алдағы басым бағыттарын айқындап, ұлттық құраманың дайындығын жетілдіру, жас дарындарды қолдау, шахматты білім беру жүйесінде кеңінен дамыту және өңірлердегі инфрақұрылымды нығайту қажет екенін айтты.

Сондай-ақ отандық бапкерлер мен төрешілердің кәсіби деңгейін арттыру, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру және Қазақстанда халықаралық деңгейдегі шахмат турнирлерін өткізу үшін FIDE мен Қазақстан шахмат федерациясы арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңызы сөз болды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Тимур Турловқа жаңа қызметінде табыс тіледі. Өз кезегінде FIDE президенті Қазақстанда шахматтың дамуына көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс айтып, шахматты әлемде кеңінен насихаттау мен халықаралық жобаларды іске асыру жоспарларын бөлісті.

 

Ислам Баман

Соңғы жаңалықтар