$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Ресейдегі соғыс аймағына тап болған қазақстандықтар елге қалай қайтарылады?

Абдрахманов Мағжан
07 қазан 2026, 09:33
Ресейдегі соғыс аймағына тап болған қазақстандықтар елге қалай қайтарылады? Сурет авторы: topwar.ru

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс аймағында жүрген Қазақстан азаматтарын елге қайтару үшін Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп жатыр. Министрліктің жедел желісіне азаматтар мен олардың туыстарынан өтініштер түсіп жатыр. Әр өтініштегі мәлімет тексерілгеннен кейін азаматтардың тізімі Ресей тарапына беріледі. 

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Қазақстан азаматтарының көмек сұраған бірнеше бейнеүндеуі тарады. Олардың кейбірі Ресейге жұмыс істеуге барғанын, бірақ кейін әскери келісімшартқа тап болып, соғыс аймағына жіберілу қаупі туғанын айтады. СІМ бейнеүндеу жариялаған азаматтарды елге қайтару үшін шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. 

Олар Ресейге қалай барған?

Әлеуметтік желідегі бейнеүндеулер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда, азаматтардың кейбірі Ресейге жұмыс іздеп барғанын айтады.

Мәселен, Шымкент тұрғыны Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барғанын, кейін тілді нашар білгендіктен әскери келісімшарттың мәнін түсінбей қол қойғанын айтқан. Басқа азаматтар да жұмысқа орналасамыз деп барғанын, кейін жағдай өзгергенін мәлімдеген. 

Тағы бірнеше қазақстандықтың туыстары олардың әскери келісімшартқа мән-жайды толық түсінбей немесе қысыммен қол қойғанын мәлімдеді. Бұл жайттардың әрқайсысы ресми түрде толық расталған жоқ. 

СІМ не істеп жатыр?

Қазақстан СІМ-і 2 қазанда Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен осы мәселені талқылаған. Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан азаматтарын елге қайтару үшін бірлесіп әрекет етуге уағдаласты. 

СІМ азаматтар туралы толық әрі нақты мәлімет қажет екенін хабарлады. Атап айтқанда, олардың аты-жөні, туған күні, шамамен қай жерде жүргені және жасасқан еңбек келісімшарттары туралы ақпарат сұралады. 

Қазақстан тарапы бұл мәселе бойынша Ресеймен бірнеше деңгейде байланысып отыр. Бұған дейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың Ресей Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің басшылығымен кездесетіні де хабарланған. 

Оларды қашан қайтарады?

Әзірге азаматтардың елге нақты қашан жеткізілетіні айтылған жоқ.

6 қазанда СІМ жедел желіге түсіп жатқан өтініштердің әрқайсысы тексерілетінін мәлімдеді. Тексеру аяқталған соң Қазақстан азаматтарының тізімі Ресей тарапына жолданады.

«Оларды елге қайтару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады министрлік. 

СІМ әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялаған азаматтарға қатысты қажетті шаралар қазірдің өзінде қабылданып жатқанын айтты. Министрлік олардың туыстарынан да ресми арна арқылы мәлімет беруді сұрап отыр.

Соңғы жаңалықтар