$ 457.99 € 534.15 ₽ 5.47

Пашинян: ҰҚШҰ Арменияны ұйымнан шығарса, қуанар едім

Абдрахманов Мағжан
24 тамыз 2026, 17:41
Пашинян: ҰҚШҰ Арменияны ұйымнан шығарса, қуанар едім Сурет авторы: Thomas Trutschel / Imago Images

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жұмысына қатысуын жандандыруды жоспарламайтынын мәлімдеді. Ол Арменияны ҰҚШҰ құрамынан шығару туралы шешім қабылданса, бұған қуанатынын айтты, деп хабарлады Азатутюн.

Пашинян бұл мәлімдемені Армения парламентінде сөйлеген сөзінде жасады.

«ҰҚШҰ-да талқылау жүріп жатқанын білемін. Ұйым жарғысында елді ұйым құрамынан шығару мүмкіндігі де қарастырылған. Егер ҰҚШҰ Арменияны ұйымнан шығару туралы шешім қабылдаса, мен бұған өте риза болар едім. Қалай болғанда да, бұл бізді ұйымнан шығу керек пе, жоқ па деген таңдаудан құтқарар еді», – деді Пашинян.

Армения Таулы Қарабақ төңірегіндегі Әзербайжанмен қақтығыстан кейін төртінші жыл қатарынан ҰҚШҰ жұмысына қатыспай келеді. 2024 жылғы ақпанда Ереван ұйымға қатысуын тоқтатып, мүшелік жарна төлеуден де бас тартқан.

Пашинян парламенттегі сөзінде Армения үкіметі жақын арада Еуропалық одаққа мүшелікке ресми өтініш беру үдерісін бастайтынын да мәлімдеді. Оның айтуынша, ЕО-ға мүшелік жөніндегі референдумды үдерістің басында емес, нақты іс-қимыл жоспары әзір болған кезде өткізу керек.

Мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бірлескен мәлімдемесінде Армениядан елдің алдағы сыртқы саяси бағытын айқындайтын референдум өткізуді талап еткен. Азаматтарға Еуроодаққа қосылу немесе ЕАЭО құрамында қалу мәселесі бойынша таңдау жасау ұсынылуы тиіс екені айтылған.

Пашинян сол кезде мұндай дауыс беруді қазір өткізуді орынсыз деп санайтынын мәлімдеген. Оның сөзінше, Армения ЕО-ға кіру рәсімінің бастапқы кезеңдерінен әлі өткен жоқ және мүшелік жөніндегі келіссөздерді бастауға ресми шақырту алмаған.

Соңғы жаңалықтар