$ 467.48 € 539.52 ₽ 5.73

Пашинян: Армения ЕО мен ЕАЭО арасында таңдау жөнінде референдум өткізбейді

Абдрахманов Мағжан
07 тамыз 2026, 18:03
Пашинян: Армения ЕО мен ЕАЭО арасында таңдау жөнінде референдум өткізбейді Сурет авторы: FREDERICK FLORIN / AFP

Армения әзірге Еуропалық одаққа кіру немесе Еуразиялық экономикалық одақтағы мүшелігін сақтау жөнінде референдум өткізбейді. Бұл туралы ел премьер-министрі Никол Пашинян Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.

Пашинянның айтуынша, Армения бір мезгілде ЕО мен ЕАЭО-ға мүше болу мүмкін емес екенін түсінеді. Алайда қазір елдің Еуроодаққа қосылу үдерісі бастапқы кезеңде тұрғандықтан, азаматтарға нақты баламасы жоқ таңдау ұсыну орынсыз.

2025 жылы Армения парламенті Еуропалық одаққа кіру үдерісін бастау туралы заң қабылдаған. Пашинян бұл заңның мақсаты ел үшін сыртқы саясаттағы балама бағыт қалыптастыру екенін айтты.

Ол Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан басшыларының 2026 жылғы 29 мамырда Арменияда ЕО-ға кіру мәселесі бойынша референдум өткізуді қолдаған мәлімдемесін Ереван назарға алғанын жеткізді.

Пашинянның сөзінше, Армения ЕО-мен мүшелік келіссөздерін бастауға ресми шақырту алған жоқ және қажетті рәсімдердің басым бөлігін әлі өтпеген. Сондықтан референдум өткізуге әзірге негіз жоқ.

Бұған дейін Пашинян Арменияның ЕАЭО-дан шығуды жоспарламайтынын, мүмкіндік болғанша одақтағы мүшелігін сақтай отырып, Еуроодақпен қатынасты да дамытатынын мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар