$ 479.26 € 546.21 ₽ 6.13

Қырғызстан Қазақстаннан бензин жеткізуді сұрады

Абдрахманов Мағжан
02 шілде 2026, 16:31
Қырғызстан Қазақстаннан бензин жеткізуді сұрады Сурет авторы: pixabay

Қырғызстан жанармай қорының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Қазақстаннан бензин жеткізуді сұрады. Бұл туралы Reuters агенттігі Қырғызстанның Энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, жанармайды тұрақты жеткізу мақсатында Ресей, Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстанға ресми өтініш жолданған.

Энергетика министрлігі әзірге елдегі жанармай қоры жеткілікті екенін мәлімдеді. Алайда Қырғызстанның Мұнай трейдерлері қауымдастығы кейбір жанармай құю бекеттерінде АИ-95 бензинінің тапшылығы байқалып отырғанын хабарлады. Ұйымның мәліметінше, АИ-92 бензинінің қоры шамамен 30–45 күнге жетеді, ал егін орағы науқанына қажетті дизель отыны жеткілікті.

Қырғызстан жанар-жағармайдың шамамен 90 пайызын Ресейден импорттайды. Соңғы уақытта Украина шабуылдарынан кейін Ресейдің мұнай өңдеу саласында қиындықтар туындап, елде бензин тапшылығы байқалып отыр. Осыған байланысты Ресей президенті Владимир Путин бензин экспортына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін екенін айтқан.

Еске салайық, бұған дейін Reuters Қазақстан Ресейге 50 мың тонна бензин жеткізуі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Алайда Қазақстанның Энергетика министрлігі Ресейден ресми өтініш түспегенін, ондай өтініш болса, оны тек өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде қарайтынын мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар