$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Құрылтайдағы мандатын тапсырған Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болды

Абдрахманов Мағжан
07 қазан 2026, 11:58
Құрылтайдағы мандатын тапсырған Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болды Сурет авторы: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Татьяна Савельеваны Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары етіп тағайындады. Тиісті өкімді Ақорда жариялады.

Бұған дейін 7 қазанда Савельева өз өтінішімен Құрылтай депутаты ретіндегі өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан еді. Құрылтай оның өтінішін қолдап, 130 депутат жақтап дауыс берді, екеуі қалыс қалды.

Савельева 2024 жылдан бастап Мәжіліс депутаты болды. Биыл «Әділет» партиясынан І шақырылымдағы Құрылтай депутаты болып сайланып, Қаржы және бюджет комитетінің құрамына кірген.

Савельеваның тағайындалуы Маңғыстауда 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін Қорғаныс министрлігінде жүріп жатқан ауқымды кадрлық өзгерістер тұсында болып отыр.

Бүгін Президент Әскер Бейсеновті Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатты. Бұған дейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, министрдің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров, министрдің орынбасары Алмаз Джумакеев және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қызметінен кеткен еді.

Қорғаныс министрлігіндегі кадрлық өзгерістер 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғадан кейін басталды. Әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңізге алып кетіп, үшеуі құтқарылды, 14 адам қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, үкіметтік комиссия құрылды.

Соңғы жаңалықтар