$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Қазақстанда әскери қылмыстардан зардап шеккендер саны рекордтық деңгейге жетті

Абдрахманов Мағжан
07 қазан 2026, 17:39
Қазақстанда әскери қылмыстардан зардап шеккендер саны рекордтық деңгейге жетті Сурет авторы: kazinform коллажы

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы сегіз айында әскери қылмыстардан 363 адам зардап шеккен. Бұл – 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлады Finprom Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сүйеніп.

Қаңтар-тамыз аралығында елде 261 әскери қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп. Ал биыл қаралған әскери қылмыстық істердің жалпы саны 309-ға жетіп, бір жылда 48,6 пайызға өскен.

Қаңтар-шілде аралығындағы дерек бойынша, жиі тіркелген әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар:

  • билікті асыра пайдалану – 88 жағдай, бір жылда 79,6 пайызға өскен;

  • әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қатынас тәртібін бұзу – 74 жағдай, 37 пайызға өскен;

  • қызметке салғырт қарау – 16 жағдай, шамамен үштен бірге өскен;

  • ішкі қызмет атқару немесе патрульдеу тәртібін бұзу – 8 жағдай;

  • билікті теріс пайдалану – 5 жағдай;

  • биліктің әрекетсіздігі – 2 жағдай.

Әскери қылмыстардан зардап шеккендер саны да күрт артқан. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 363 адам жәбірленуші деп танылған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 2,5 есе көп. Finprom мәліметінше, биылғы сегіз айдың көрсеткіші 2020 жылдан бергі толық жылдардың нәтижесінен де жоғары.

Әскердегі тағы бір мәселе – әскери қызметшілердің өзіне қол жұмсауы. Биылғы алғашқы жеті айда алты әскери қызметші көз жұмған. Оның үшеуі келісімшартпен, үшеуі мерзімді әскери қызмет атқарған.

Тағы үш әскери қызметші өзіне қол жұмсамақ болған. Ал алты адамның мұндай қадамға баруына не себеп болғаны статистикалық деректерде көрсетілмеген.

Соңғы жаңалықтар