$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Дәрігерлер алғаш рет тоқтамай соғып тұрған жүректі сәтті ауыстырды

Редакция
06 мамыр 2025 02:23 1582
Дәрігерлер алғаш рет тоқтамай соғып тұрған жүректі сәтті ауыстырды Сурет авторы: NTUH

Тайвань ұлттық университеті ауруханасының (NTUH) хирургтары алғаш рет донор жүрегі мүлдем тоқтамай соққан күйінде жүрек трансплантациясын сәтті жүзеге асырды. Бұл жөнінде Fox News хабарлады.

Жаңа әдіс кезінде жүрекке оттегімен байытылған қан үздіксіз беріліп тұрады. Нәтижесінде, жүрек бұлшықетінің зақымдануы азаяды, науқастың қалпына келу мүмкіндігі артады.

Әдетте жүрек трансплантациясы кезінде орган суық күйде сақталады, бұл кезде жүрек бірнеше сағатқа дейін тоқтап қалады. Мұндай үзіліс (ишемиялық кезең) жүрек бұлшықетін зақымдауы мүмкін, тіпті дененің жүректі қабылдамай қалу қаупі бар.

NTUH бұл мәселені шешу үшін арнайы қан айналымын қамтамасыз ететін құрылғыны қолданды. Бұл құрылғы жүрекке үздіксіз оттегімен қаныққан қанды жеткізіп, оның денеден тыс жерде де соғып тұруына мүмкіндік береді.

Алғашқы операцияда 49 жастағы әйелге донорлық жүрек дәл осы құрылғы арқылы жеткізілді. Жүрек бір сәтке де тоқтамаған. Науқас дертінен тез айығып, жүрек бұлшықетінің зақымдануын білдіретін ферменттердің деңгейі өте төмен болған.

Айта кетейік, 2023 жылы Стэнфорд университеті де соғып тұрған жүрекпен трансплантация жасаған. Алайда онда 10–30 минуттық ишемиялық кезең болған. Ал NTUH әдісі кезінде жүрек бір секундқа да тоқтамаған.

«Жүрек алынбас бұрын да, алынғаннан кейін де үздіксіз соғып тұрды», – деді Ота тобын басқарған профессор Чэнь И-шун.

Екі сәтті операциядан кейін NTUH бұл әдісті жетілдіріп, оны кеңінен қолдануды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар