$ 457.99 € 534.15 ₽ 5.47

АҚШ Сирияны терроризмді демеуші елдер тізімінен ресми түрде шығарды

Редакция
25 тамыз 2026, 15:33
АҚШ Сирияны терроризмді демеуші елдер тізімінен ресми түрде шығарды Сурет авторы: SANA/AFP

Вашингтон Сирияға қатысты ондаған жылдар бойы қолданылып келген санкциялық шектеулерді жою процесін аяқтауға жақын. АҚШ Мемлекеттік департаменті жарты ғасырға жуық уақыт бойы тиісті тізімде тұрған Сирияны терроризмді қолдайтын мемлекеттер қатарынан алып тастады. Сонымен бірге Башар Асад режимі кулағаннан кейін билікке келген «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) топтамасына қатысты шектеулер де күшін жойды.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент бұл шешімнің Дональд Трамп әкімшілігінің Сирия халқына экономикалық және саяси тұрақтылықты қалпына келтіруге мүмкіндік беру уәдесі шеңберінде қабылданғанын атап өтті. АҚШ тарапының есебінше, бұл қадам Сирия экономикасына шетелдік инвестицияларды тартуға жол ашады.

Сирияның өтпелі үкіметі бұл оқиғаны ұлттық дипломатияның тарихи жетістігі деп бағалады. Сыртқы істер министрі Асад аш-Шайбани мен Қаржы министрі Мохаммед Барния Вашингтонның бұл шешімі елдің халықаралық қаржы жүйесіне қайта интеграциялануына және көпжылдық оқшаулаудан шығуына үлкен серпін беретінін мәлімдеді.

Дегенмен АҚШ-пен қарым-қатынас реттелгенімен, Сирияның көршілес Израильмен арадағы шиеленісі басылмай тұр. Жақында Иорданияда екі ел арасындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша келіссөздер басталғанына қарамастан, Израиль Сирия аумағындағы әуежайларға соққы беруді тоқтатар емес. Бұған қоса, Голан биіктіктеріндегі аумақтық даулар мен бұл аймаққа Түркия әскерінің ықпал ету мүмкіндігі Таяу Шығыстағы жағдайды күрделі күйінде қалдырып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар