$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

30 млрд теңге үнемделеді: Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін импорттауды жалғастырады

Абдрахманов Мағжан
07 қазан 2026, 11:42
30 млрд теңге үнемделеді: Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін импорттауды жалғастырады Сурет авторы: Athit Perawongmetha / Reuters

Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін бажсыз импорттауды жалғастырады. Құрылтай Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы келісімді қайта жаңғырту туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қабылдады.

Құрылтайдың мәліметінше, бажсыз тасымалдың арқасында Қазақстан 2026 жылы шамамен 30 млрд теңге үнемдейді. Оның ішінде дизель отынынан – 15,75 млрд теңге, авиациялық отыннан – 8,61 млрд теңге, бензиннен 5,59 млрд теңге үнемделеді.

Хаттама екі ел арасында мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің жыл сайынғы индикативті теңгерімін келісу тетігін сақтайды. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің құзыретті органдары ақпарат алмасып, Ресейден Қазақстанға мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу мүмкіндігі жалғасады.

Құрылтай бажсыз тәртіптің Қазақстанның ішкі нарығында мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне деген сұранысты қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті. Келісім мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу көлемін жоспарлауға және ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы бастапқы келісімге 2010 жылғы 9 желтоқсанда қол қойылған. Кейін оның қолданылуы тоқтатылып, екі ел 2024 жылғы қарашада келісімді қайта жаңғырту және оған өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойған.

Соңғы жаңалықтар