$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Ресей әскерінен қашып, Қазақстанға кірген азамат елден шығарылмақ

Абдрахманов Мағжан
07 қазан 2026, 15:01
Ресей әскерінен қашып, Қазақстанға кірген азамат елден шығарылмақ Сурет авторы: Лев Федосеев/ТАСС

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы аудандық соты Ресей әскерінен қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Ресей азаматын елден шығару туралы үкім шығарды. Оған Қазақстанға бес жыл бойы кіруге де тыйым салынды. Бұл жөнінде "Мой Город" басылымы жазды.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам Ресей Қарулы күштерінде қызмет еткен. 2025 жылғы шілдеде ол әскери қызмет орнын өз бетінше тастап, Ресей билігінен жасырынып жүрген.

2026 жылғы мамырда ол Қазақстан арқылы үшінші елге кетуді жоспарлаған. Ер адам телефондағы электронды карталарды пайдаланып, ресми өткізу бекеттерін айналып өтетін бағыт құрған. Кейін шекара белгілері мен қоршауларын елемей, Қазақстан аумағына жаяу өткен.

Ол алдымен Оралға жетіп, кейін Таразға барған. Сол жерден басқа мемлекетке кетуді көздегенімен, оны Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған.

Сотта Ресей азаматы кінәсін толық мойындады. Ол шекараны заңсыз кесіп өтуге мәжбүр болғанын айтып, өзін бас бостандығынан айырмауды, Қазақстаннан шығармауды және рақымшылық жасауды сұраған.

Сот оны мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танып, 865 мың теңге айыппұл салды. Сонымен бірге оны Қазақстаннан шығарып, бес жылға елге кіруіне тыйым салды.

Алайда 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық туралы заңға сәйкес, ер адам айыппұл төлеуден толық босатылды. Қазақстаннан шығару және елге кіруге салынған тыйым күшінде қалды. Сот үкімі заңды күшіне енген.

Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін әскери қызметтен бас тартып, Қазақстанға келген ресейліктерге қатысты бұған дейін де бірнеше жағдай болған.

2022 жылы Қазақстан Ресейдің Федералдық күзет қызметінің бұрынғы офицері Михаил Жилинді Ресейге қайтарды. Ол әскери қызметтен қашып, Қазақстаннан саяси баспана сұраған еді. Кейін Ресейде сотталды.

2024 жылы Қазақстанда Ресей әскери қызметшісі Камиль Касимов ұсталды. Ол Украинадағы соғысқа қатыспау үшін Ресейден Қазақстанға кеткен еді. Кейін Ресейге қайтарылып, әскери қызметтен қашқаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Соңғы жаңалықтар