$ 503.44 € 593.35 ₽ 6.55

Шымкентте тағы бір әйелді пышақтап өлтірді

Абдрахманов Мағжан
29 қаңтар 2026, 09:46
Шымкентте тағы бір әйелді пышақтап өлтірді Сурет авторы: Kevin Brine / Getty Images

Шымкент қаласында тағы бір әйел пышақ жарақатынан қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелді. Бқл жөнінде Шымкент полиция департаменті хабарлады.

Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті жәбірленушіге өзара араздық негізінде пышақ жарақатын салған. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Оқиға туралы полицияға куәгерлер хабарлаған. Ақпарат түскен бойда полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын бастап, күдіктіні ізін суытпай ұстады.

Ұстау барысында қарулы күдікті қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес полиция қызметкерлері табельдік қаруды қолдануға мәжбүр болған.

Күдікті медициналық мекемеге жеткізіліп, қазір полицияның күзетінде.

Қазіргі уақытта Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Соңғы бір ай ішінде Шымкентте қоғам назарын аудартқан бірнеше ауыр қылмыс тіркелді. 11 қаңтарда қалада студент Нұрай Серікбай қаза тапты. Бейнебақылау камераларында қыздың қашып құтылуға тырысқаны, алайда ер адамның оны қуып жетіп, бірнеше рет пышақтағаны анық көрінген. Нұрай оқиға орнында көз жұмды. Күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Марқұмның туыстары бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деп мәлімдеген. Алайда полицияға жасалған шағымдар нәтиже бермеген.

Тағы бір резонансты оқиға 20 қаңтарда тіркелді. Рысқұлов пен Ерімбетов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы жаппай төбелеске ұласқан. Қақтығысқа қатысушылардың бірін күштеп қала сыртына алып кеткен, кейін оның мәйіті Темірлан елді мекенінен табылды. Тағы бір ер адам пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. Бұл дерек бойынша да күдіктілер ұсталған.

Соңғы жаңалықтар