$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Шымкентте 21 жастағы қызды өлтірді деген күдікті ұсталды

Абдрахманов Мағжан
13 қаңтар 2026, 10:08
Шымкентте 21 жастағы қызды өлтірді деген күдікті ұсталды Сурет авторы: shyndyk.kz

Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты іздеуде жүрген күдікті ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Полиция мәліметінше, 11 қаңтар күні кешке жас қызға пышақ жарақатын салды деген күдікпен 28 жастағы қала тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол марқұммен бұрын таныс болғаны анықталды.

Күдіктіні ұстау үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің жеке құрамы толық жұмылдырылып, қалаға кіреберіс-шығаберістерде бақылау күшейтілген. Іздестіру шаралары барысында күдікті Шымкенттен шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық аумақта қолға түскен.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 12 қаңтар күні Төлеметов көшесінде болған. Жеке үйлердің бірінің ауласынан пышақ жарақаттары бар 21 жастағы қыздың мәйіті табылып, оның оқиға орнында көз жұмғаны анықталған. Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қазіргі уақытта қылмыстың себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар