$ 467.65 € 533.26 ₽ 5.96

Жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысынан азы зейнетақы жарнасын тұрақты аударады

Абдрахманов Мағжан
23 шілде 2026, 16:10
Жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысынан азы зейнетақы жарнасын тұрақты аударады Сурет авторы: Freepik

Қазақстанда жылына 9–12 ай бойы зейнетақы жарнасын тұрақты аударатындар саны 4,7 млн адамды құрайды. Бұл елдегі жұмыс күшінің жартысынан аз, деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы.

Сарапшылардың бағалауынша, азаматтардың едәуір бөлігі зейнет жасына жеткенде жеткілікті жинақ қалыптастыра алмай отыр. Қауымдастықтың пікірінше, негізгі мәселе зейнетақы қаражатын пайдалану мүмкіндігін кеңейтуде емес, жинақ көлемін ұлғайтуға жағдай жасауда.

Қазақстандағы зейнетақы жинағы жалпы ішкі өнімнің 14,5%-ына тең. Ал Дания, Исландия, Швейцария, Канада, Нидерланд және Аустралияда бұл көрсеткіш 100%-дан асады.

Қауымдастық зейнетақы жүйесін дамыту үшін тұрақты жарна төлейтін азаматтардың үлесін арттыру, ресми жұмыспен қамтуды кеңейту, еңбек өнімділігі мен халық табысын өсіру қажет деп есептейді. Сонымен қатар зейнетақы активтерінің инфляциядан жоғары тұрақты табыстылығын қамтамасыз ету маңызды.

Сарапшылар зейнетақы саясатының алдын ала болжамды болуы және азаматтардың жинақтау жүйесіне сенімін сақтау да негізгі шарттардың бірі екенін атап өтті.

Қазақстанда зейнетақы жүйесіне қатысты тәсілдер қайта қаралып жатыр. 2027 жылдан бастап зейнетке шығатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларына табыстылық пен инфляция арасындағы айырманы бір реттік өтеу тәртібі тоқтатылады.

Соңғы жаңалықтар