$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Ұлын көлікке сүйреп өлтірген ер адамға үкім шықты

Редакция
18 қараша 2025 14:04 869
Ұлын көлікке сүйреп өлтірген ер адамға үкім шықты

Тәжікстанның Турсунзаде қаласының тұрғыны Парвиз Одинаев өз ұлын азаптап өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Asia-Plus ақпарат агенттігі Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.

Ресми билік бұл іске қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Asia-Plus дерегінше, үкім алты күн бұрын шыққан.

«Прокурор 27 жыл сұраған, бірақ судья айыпталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, жазаны екі жылға қысқартты», – дейді басылымның дереккөзі.

Қайғылы оқиға осы жылдың шілде айында болған. Тергеу мәліметінше, Одинаев ұлынан ақша ұрлады деп күдіктеніп, жазалау мақсатында оны көлікке байлап, сүйреген. 15 жастағы ұлы Хусрав алған жарақаттарынан көз жұмған.

Бұл оқиға Тәжікстан парламенті ата-аналардың бала тәрбиесінде зорлық-зомбылық пен дене жазасын қолдануға тыйым салатын заңды қабылдағаннан кейін бір жыл өткен соң тіркелді.

Ресми дерекке сәйкес, 2024 жылы Тәжікстанда кәмелетке толмағандарға қатысты 994 қылмыс тіркелген. Бұл одан алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.

Соңғы жаңалықтар