$ 479.26 € 546.21 ₽ 6.13

Президент амнистия туралы заңға қол қойды: Миллионға жуық айыппұл кешіріледі

Абдрахманов Мағжан
01 шілде 2026, 16:22
Президент амнистия туралы заңға қол қойды: Миллионға жуық айыппұл кешіріледі Сурет авторы: NUR.KZ/Петр Карандашов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Заңға сәйкес, Қазақстан тарихында алғаш рет рақымшылық бір мезгілде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылады. Қылмыстық рақымшылық 16,5 мыңнан астам адамды қамтиды. Оның ішінде 15 мыңға жуық сотталған және 1,5 мыңға жуық тергеудегі азамат бар. Төрт мыңнан астам адам қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан толық босатылса, 10 мыңнан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылады.

Рақымшылық қылмыстық теріс қылық немесе ауырлығы шағын және орташа қылмыс жасаған, келтірілген залалды өтеген, тәртібі оң бағаланған және жазасының аяқталуына бір жылдан аспайтын мерзім қалған адамдарға қолданылады. Ал ауырлығы орташа қылмыс жасаған өзге сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімі екі есеге қысқартылады.

Сонымен қатар рақымшылық терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық қылмыстары, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, азаптау, қылмысты қайталап жасау, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін сотталғандарға және өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға қолданылмайды.

Әкімшілік рақымшылық аясында жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асатын шамамен бір миллион айыппұл қамтылады. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 280 бабы бойынша жауапкершілікке тартылған азаматтарға қатысты болады.

Соңғы жаңалықтар