$ 455.4 € 526.99 ₽ 5.25

Оқушылардың жасы ұлғайған сайын анемия мен дәрумен тапшылығы жиілей түседі

Редакция
02 қыркүйек 2026, 17:05
Оқушылардың жасы ұлғайған сайын анемия мен дәрумен тапшылығы жиілей түседі Сурет авторы: ЖИ Иллюстрациясы

«ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы 2022 жылғы қаңтардан 2026 жылғы тамызға дейін филиалдар желісінде жүргізілген 0-ден 18 жасқа дейінгі балалардың медициналық талдау нәтижелерін жинақтап, ауқымды зерттеу жүргізді. Сараптамаға 2 миллионға жуық баладан алынған 40 миллионнан астам зертханалық көрсеткіш енгізілді.

Алынған мәліметтер анық динамиканы көрсетіп отыр: бала жасы ұлғайған сайын зерттеу нәтижелерінде түрлі ауытқулар жиі тіркеледі. Кейбір көрсеткіштер бойынша бастауыш сынып оқушылары мен жасөспірімдер арасындағы айырмашылық 2-3 есеге дейін артады.

Ең айқын өзгерістер темір алмасуына қатысты көрсеткіштерде байқалды. 6–11 жас аралығындағы балалар арасында анемия 7% жағдайда анықталса, 15–18 жастағы жасөспірімдерде бұл көрсеткіш 21%-ға дейін өскен. Ағзадағы темір қорын айқындайтын ферритин деңгейінің төмендеуі бастауыш сынып оқушыларының 14%-ында, ал жасөспірімдердің 33%-ында тіркелді. Көрсеткіштердің бұлай өсуі негізінен қыз балалар арасында байқалады.

Ұқсас үрдіс фолий қышқылы бойынша да байқалды: оның төмен деңгейі 6–11 жастағы балалардың 13%-ында және 15–18 жастағы жасөспірімдердің 33%-ында анықталған. Ал B12 дәруменінің тапшылығы сирек кездеседі – бастауыш сынып оқушыларының 1%-ында және жасөспірімдердің 4%-ында.

D дәруменінің көрсеткіштері ерекше назар аударуды талап етеді. 6–11 жастағы балалардың 41%-ында осы дәруменнің жетіспеушілігі анықталса, 15–18 жастағы жасөспірімдер арасында бұл кері көрсеткіш 60%-ға жеткен. Сондай-ақ маусымдық фактордың әсері жоғары: ақпан айында D дәруменінің тапшылығы жаздың соңымен салыстырғанда екі есе жиі тіркелген.

Гемоглобин деңгейінде де маусымдық айырмашылықтар бар. Анемияны көрсететін ең төмен үлес қазан айында (14,4%), ал ең жоғары көрсеткіш маусым айында (16,7%) анықталды. Айырмашылық 15%-ды құрайды.

Глистік инвазиялардың таралуына келсек, бұл ауытқу жасөспірімдер арасында (2%) бастауыш сынып оқушыларымен (5%) салыстырғанда сирек кездеседі.

ОЛИМП КДЗ деректері бойынша тапшылық жағдайлары Қазақстанның орталық және оңтүстік өңірлерінде жиірек анықталған. Айта кету керек, талдауға шағымдар мен медициналық көрсетілімдер бойынша қаралған балалардың нәтижелері енгізілгендіктен, бұл деректер елдегі барлық балалардың жалпы статистикасын толық қамтымайды.

«Педиатрға жүгінуге баланың тез шаршауы, терісінің бозаруы, белсенділігінің төмендеуі, өсуі мен дамуындағы бұзылыстар, сондай-ақ жиі сырқаттануы себеп болуы мүмкін. Тексеруден өту қажеттілігі мен талдаулар тізімін дәрігер баланың жасын, шағымдарын және анамнезін ескере отырып белгілейді. Жаңа оқу жылы басталар алдында профилактикалық тексеруден өту – баланың жұмысқа қабілеттілігі мен оқу жүктемесіне бейімделуіне кері әсер ететін жағдайларды дер кезінде анықтауға көмектеседі», – деп атап өтті «ОЛИМП» КДЗ бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Жүргізілген зерттеу балалардың зертханалық көрсеткіштеріндегі жасқа, маусымға және өңірге байланысты ерекшеліктерді айқын көрсетеді. Бұл мәліметтер ата-аналар мен дәрігерлерге бала денсаулығына қатысты маңызды факторларды дер кезінде бақылауға алуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар