$ 464.02 € 536.18 ₽ 5.54

Қазақстанда кей жүргізушіге негізсіз айыппұл салынған: ІІМ түсініктеме берді

Абдрахманов Мағжан
17 тамыз 2026, 15:59
Қазақстанда кей жүргізушіге негізсіз айыппұл салынған: ІІМ түсініктеме берді Сурет авторы: Getty Images

Қазақстанда ақпараттық жүйедегі техникалық ақау салдарынан кейбір жүргізушіге жылдамдықты асырғаны үшін қате айыппұл салынған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 13-14 тамызда Бас прокуратураның Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болған. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыруға қатысты кейбір құқықбұзушылықтар бір сәттегі жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов жүргізушілерге полицияға барып, айыппұлдың қате екенін дәлелдеудің қажеті жоқ екенін айтты.

«Жүргізушілерді бірден тыныштандырғым келеді: ешқайда барудың қажеті жоқ. Полицияға жүгініп немесе бірдеңені дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате жасалған нұсқамалардың бәрі анықталды және автоматты түрде жойылады», – деді Қабденов.

ІІМ қазір техникалық ақаудың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал қате салынған айыппұлды төлеп қойған жүргізушілерге ақшаны қайтару тетігі әзірленіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар