$ 479.26 € 546.21 ₽ 6.13

Енді ипотека мөлшерлемесі бастапқы жарнаға қарай белгіленеді

Абдрахманов Мағжан
02 шілде 2026, 11:21
Енді ипотека мөлшерлемесі бастапқы жарнаға қарай белгіленеді Сурет авторы: shutterstock

Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ипотека рәсімдеудің жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді банк ұсынатын ең жоғары пайыздық мөлшерлеме сіздің қанша бастапқы жарна төлейтініңізге байланысты болады. Жаңа қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қабылдады.

Жаңа ережеге сәйкес, егер баспана құнының кемінде 30 пайызын өз қаражатыңызбен төлесеңіз, банк ипотекаға жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 20 пайыздан жоғары қоя алмайды. Ал бастапқы жарна 30 пайыздан аз болса, ең жоғары мөлшерлеме 25 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Мұның себебі қарапайым. Бастапқы жарна көп болған сайын банк аз ақша береді, яғни тәуекелі де төмендейді. Сондықтан мұндай қарыз алушылар үшін пайыздық мөлшерлеме де төменірек болады.

Бұл өзгерістер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ал оған дейін ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары шегі бұрынғыдай 25 пайыз болып қала береді.

Соңғы жаңалықтар