$ 472.34 € 541.25 ₽ 6.01

Астана мен Арқалық арасында жаңа пойыз бағыты іске қосылады: толық кесте және билет құны

Редакция
16 шілде 2026, 10:20
Астана мен Арқалық арасында жаңа пойыз бағыты іске қосылады: толық кесте және билет құны Сурет авторы: АО «Пассажирские перевозки»

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Астана мен Арқалық бағытында жаңа теміржол қатынасын іске қосады. Пойыз тамыз айында екі қаланың арасындағы көлік байланысын нығайту мақсатында уақытша жолға шығады.

№225/226 жолаушылар пойызы 2 тамыз бен 31 тамыз аралығында күн аралатып қатынайды:

Астанадан (Нұрлы жол станциясы): 2-30 тамыз аралығында жұп күндері сағат 23:05-те аттанып, Арқалыққа 09:16-да жетеді.

Арқалықтан: 3-31 тамыз аралығында тақ күндері сағат 21:20-да жолға шығып, Астанаға 07:16-да келеді.

Пойыз жол бойында Жалтыр, Атбасар, Жақсы, Есіл және Державинск станцияларында тоқтайды.

Жолаушыларға 2024 жылы шығарылған заманауи «RWS Wagon» вагондары қызмет көрсетеді. Құрам үш купе және үш плацкарт вагонынан тұрады, бір бағытта 250-ден астам адамды тасымалдауға қауқарлы.

Купелер эргономикалық орындармен, жеке жарықтандыру жүйелерімен, USB-порттармен және розеткалармен жабдықталған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы орындар мен арбаларға арналған орындар қарастырылған.

Жол жүру құны

Жаңа бағыттағы билет бағасы қолжетімді деңгейде бекітілді:

 Плацкарт: 6 800 теңге;

 Купе: 9 900 теңге.

Бұл бастама Ақмола және Қостанай облыстарының тұрғындары үшін көлік қатынасын едәуір жақсартып, өңіраралық байланысты арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар