$ 479.26 € 546.21 ₽ 6.13

Алматыда электрмопед мінген курьер жедел жәрдем көлігіне соқтығысып мерт болды

Абдрахманов Мағжан
02 шілде 2026, 13:30
Алматыда электрмопед мінген курьер жедел жәрдем көлігіне соқтығысып мерт болды Сурет авторы: zakon.kz

Алматыда электрмопед мінген 2004 жылы туған жігіт жедел жәрдем көлігімен соқтығысып, оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.

Жол апаты 1 шілде күні кешкі сағат 21:00 шамасында Алатау ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жедел жәрдем көлігі Райымбек даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, Фуркат көшесінің қиылысында қарсы бағытпен келе жатқан электрмопед жүргізушісін қағып кеткен.

Полицияның мәліметінше, алған жарақатынан электрмопед жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болған. Аталған дерек бойынша адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бабымен қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, қаза тапқан жігіт курьер болып жұмыс істеген. Оқиға Райымбек даңғылындағы BRT желісі салынып жатқан учаскеде болған.

Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем көлігі жарқылдауық шамдарын қосып келе жатқан. Сондай-ақ апат болған аумақта уақытша қозғалыс сызбасы қолданылып, жол белгілері мен жолақтары толық жаңартылмаған.

Қазіргі уақытта жол апатының нақты мән-жайы мен оған қатысушылардың жауапкершілік дәрежесін тергеу анықтап жатыр.

Соңғы жаңалықтар