$ 497.56 € 586.92 ₽ 6.44

АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасады: қақтығыс басқа елдерге де ұласты

Абдрахманов Мағжан
28 ақпан 2026, 16:17
АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасады: қақтығыс басқа елдерге де ұласты Сурет авторы: ашық дереккөзден

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін Таяу Шығыстағы жағдай күрт шиеленісті. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы «ірі әскери операция» басталғанын мәлімдегеннен кейін аймақта бірқатар елде жарылыстар тіркелді.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусына сүйенген Fars агенттігі Тегеран Американың Парсы шығанағындағы әскери базаларына соққы жасағанын хабарлады. Атап айтқанда, Қатардағы «Әл-Удейд», Кувейттегі Әли әл-Сәлем, БАӘ-дегі Әл-Дафра және Бахрейндегі АҚШ-тың бесінші флоты нысанаға алынған. Иран қорғаныс министрлігі АҚШ пен Израильдің соққысына жауап ретінде аймақтағы америкалық базаларға соққы жасалатынын алдын ала ескерткен болатын.

AFP агенттігінің тілшілері де Бахрейн астанасы Манамада жарылыс естілгенін хабарлады. Бұл елде АҚШ-тың бесінші флоты орналасқан. Бұған дейін қауіпсіздік мақсатында америкалық кемелердің базадан ашық теңізге шығарылғаны айтылған еді.

Сонымен қатар AFP Қатар әуе кеңістігінде ирандық ракета атып түсірілгенін хабарлады. Қатар аумағында АҚШ-тың аймақтағы ең ірі «Әл-Удейд» әскери базасы орналасқан. Халықаралық ақпарат құралдары Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде де жарылыс естілгенін жазды. БАӘ билігі әуе кеңістігін уақытша жапқанын мәлімдеді.

Бұған дейін Иранның бірнеше қаласында жарылыстар тіркелгені хабарланған еді. Тегеран, Тебриз, Исфахан, Қом және өзге де қалаларда жарылыс дыбыстары естілген. Әлеуметтік желілерде Тегеран үстінен қою түтін көтерілген кадрлар тарады. Tasnim агенттігі Иранның әуе кеңістігі жабылғанын хабарлады.

Reuters дерегінше, Тегеранда президент резиденциясы мен штаб-пәтеріне соққы тиген. Алайда Иран ақпарат құралдары президент Масуд Пезешкианның зардап шекпегенін мәлімдеді. Сонымен қатар Reuters дереккөзі рухани көсем аятолла Әли Хаменеи қауіпсіз жерге көшірілгенін жазды.

Аймақтағы шиеленіс аясында Иранда интернет жұмысы шектелді. NetBlocks жобасының мәліметінше, елдегі интернет қалыпты көрсеткіштің шамамен 4 пайызы деңгейінде ғана жұмыс істеп тұр.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Иран аумағында жүрген 96 Қазақстан азаматы бар екенін хабарлады. Ведомствоның мәлімдеуінше, азаматтармен тұрақты байланыс орнатылған, қазіргі уақытта зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ.

Шиеленіске байланысты Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыс бағытындағы рейстер кестесіне өзгеріс енгізді. Бірқатар рейстер қайтарылып немесе қосалқы әуеайлақтарға бағытталды. Қазақстан СІМ азаматтарға Иранға барудан уақытша бас тартуды және аймақтағы жағдайды мұқият қадағалауды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар