$ 453.65 € 509.99 ₽ 5.31

Жылыту маусымы басталды: үйіңізге жылу берілмесе, кімге хабарласу керек?

Абдрахманов Мағжан
06 қазан 2026, 11:14
Жылыту маусымы басталды: үйіңізге жылу берілмесе, кімге хабарласу керек? Сурет авторы: shutterstock

Қазақстанда жылыту маусымы басталып жатыр. Үкіметтің бұған дейінгі жоспары бойынша солтүстік және шығыс өңірлерде жылу ауа райына қарай 1 қазанға дейін берілуі тиіс еді. 

Егер сіз тұратын қалада жылыту маусымы басталғанымен, үйіңіз әлі суық болса, мәселенің қай жерден шыққанын анықтап, тиісті мекемеге хабарласқан жөн.

Алдымен қалада жылу беру басталды ма, соны анықтаңыз

Жылыту маусымы Қазақстанның барлық өңірінде бір күнде басталмайды. Мерзім жергілікті ауа райы мен әкімдік бекіткен кестеге байланысты.

Сондықтан бірінші кезекте әкімдіктің немесе жылумен жабдықтаушы мекеменің ресми хабарламасын қарап, сіздің қалаңызда жылу беру басталған-басталмағанын анықтаған дұрыс.

Көршілеріңізден сұрап көріңіз

Егер көрші пәтерлер жылы, ал сіздің үйіңіздегі батарея суық болса, мәселе пәтердің немесе үйдің ішкі жылу жүйесінде болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда алдымен үйді басқаратын ұйымға – МИБ-ке, ПИК-ке немесе басқарушы компанияға хабарласқан жөн. Мамандар құбырлар мен жылу жүйесін тексеруі керек.

Бүкіл үйде жылу жоқ болса ше?

Егер мәселе бір пәтерде емес, бүкіл үйде немесе бірнеше үйде байқалса, жылумен жабдықтаушы мекемеге хабарласу қажет. Апат немесе желідегі ақау болса, оның себебі мен жылудың қашан берілетінін сол мекемеден білуге болады.

Қалада 109 қызметі жұмыс істесе, өтінішті сол жерге де қалдыруға болады. Бірақ 109 барлық өңірге ортақ бірыңғай қызмет емес. Сондықтан өз қалаңыздағы байланыс арнасын әкімдіктің ресми парақшасынан тексерген дұрыс.

Мәселе шешілмесе не істеу керек?

Алдыңғы өтініштеріңіз нәтиже бермесе, мемлекеттік органға eOtinish арқылы ресми өтініш жолдауға болады. Өтінішті eGov Mobile қосымшасындағы eOtinish қызметі арқылы да жіберуге мүмкіндік бар. Жүйеде өтініштің қаралу барысын бақылауға болады.

Өтініште:

  • нақты мекенжайды;
  • жылудың қашаннан бері жоқ екенін;
  • мәселе бір пәтерде ме, әлде бүкіл үйде ме;
  • бұған дейін қай мекемелерге хабарласқаныңызды;
  • бұрынғы өтініштің нөмірін, бар болса фото немесе басқа дәлелдерді көрсету керек.

Бірден жоғары жаққа шағымдану міндетті емес

Егер мәселе үйдің ішкі жүйесінен шықса, оны МИБ, ПИК немесе басқарушы ұйым шеше алады. Ал бірнеше үйге жылу келмесе, мәселе жылу желісінде болуы ықтимал. Сондықтан өтінішті алдымен ақауға жауапты мекемеге берген тиімді.

Ал мәселе шешілмей, жауапты мекемелер әрекет етпесе, әкімдікке немесе тиісті мемлекеттік органға eOtinish арқылы ресми өтініш қалдырған жөн.

Соңғы жаңалықтар