$ 526.5 € 611.64 ₽ 6.72

Жылуға төлемеген алматылықтардың жалақысынан ақша ұстап қалып жатыр

Абдрахманов Мағжан
11 шілде 2025 11:37 35
Жылуға төлемеген алматылықтардың жалақысынан ақша ұстап қалып жатыр Сурет авторы: diapazon.kz

Алматыда жылу үшін төленбеген қарыз көлемі 2 млрд теңгеге жетті. Осыған байланысты "Алматы жылу желілері" мекемесі төлем жасаудан жалтарған борышкерлерге қарсы шараларды күшейтті.

Компанияның мәліметінше, тұрғындарға бірнеше мәрте ескерту жасалғанына қарамастан, жүздеген абонент коммуналдық қызмет ақысын төлеуді созып жүр. Соның салдарынан биылғы алғашқы алты айда 5184 тұтынушыға қатысты сотқа талап-арыз берілген. Ал 3345 заңды тұлғаға сотқа дейінгі шағымдар жолданған. 600-ден астам абонент қарызы үшін ыстық судан ажыратылды.

Қазіргі таңда 1754 борышкерге қатысты мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылды. Атап айтқанда:

  • 822 адамның банк есепшоттары бұғатталды;

  • 926 абоненттің мүлкіне тыйым салынды;

  • 254 тұрғынға шетелге шығуға шектеу қойылды;

  • 144 алматылықтың жалақысы мен кірісінен қарыз мәжбүрлі түрде ұсталып отыр.

Компания борышкерлерге алдын ала ескерту жасалатынын, төлемді бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылатынын айтты. Бірақ борышкер жауап қатпаса, заңды құралдарды пайдалануға мәжбүр болатынын жеткізді.

Жылу өндіру мен жеткізуге кететін шығынның өсуіне байланысты энергетиктер тұрғындарды уақытылы төлем жасауға шақырып отыр.

Соңғы жаңалықтар