$ 536.32 € 626.9 ₽ 6.6

Жұмыссыз қалған қазақстандықтар 95 млрд теңге алды

Абдрахманов Мағжан
15 қазан 2025 11:11 231
Жұмыссыз қалған қазақстандықтар 95 млрд теңге алды

2025 жылғы 1 қазанға дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмысынан айырылған 285,2 мың азаматқа әлеуметтік төлем тағайындады. Оның ішінде 240,5 мың адам биыл алғаш рет төлем алған. Барлығы 95 млрд теңге төленді. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 2 жылдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін төлем ала алады. Төлем мөлшері жоғалған табыстың 45%-ына дейін құрайды және ол МӘСҚ қаражаты есебінен жүргізіледі.

Жұмысынан айырылған адам төлем алу үшін:
1️⃣ eGov.kz порталына кіру керек;
2️⃣ «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау қажет;
3️⃣ Өтінімді толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою керек;
4️⃣ Бір күн ішінде мансап орталығы (жергілікті жұмыспен қамту бөлімі) бос жұмыс орындарын ұсынады;
5️⃣ Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде азаматқа автоматты түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі.

Бұл қызметті enbek.kz сайты арқылы да онлайн алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жүйесі SMS арқылы төлемді рәсімдеу туралы хабарлама жібереді. Азамат SMS арқылы келісімін берсе, төлем автоматты түрде тағайындалады.

МӘСҚ-тан берілетін бұл төлем жұмыссыз қалған азаматты жаңа жұмыс іздеу кезеңінде қолдауға арналған және жұмыстан шығу себебіне қарамастан жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар