$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

«Жомарт» кенішіндегі апаттың негізгі себебі анықталды

Редакция
05 наурыз 2025 03:06 4647
«Жомарт» кенішіндегі апаттың негізгі себебі анықталды Сурет авторы: depositphotos

Үкіметтік комиссия Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішінде болған төтенше жағдайдың негізгі себебін анықтады. Апатқа тау-кен қазбасында метан газының жиналып, электр жабдықтарынан шыққан ұшқынның жарылысқа себеп болуы негізгі фактор ретінде қарастырылды. Сонымен қатар комиссия өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбек қорғау талаптарының өрескел бұзылғанын анықтап, жауапты тұлғалар тізімін белгіледі.

Төтенше жағдайдың себептерін зерттеу мақсатында сегіз арнайы комиссия құрылып, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалардың мамандары тартылды. Тергеу аясында кәсіпорынның өндірістік технологиясы мен техникалық құрылғылары тексеріліп, куәгерлерден жауап алынды.

Үкіметтік комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев «Қазақмыс» корпорациясына анықталған кемшіліктерді жоюды, кеніште қауіпсіздікті күшейтуді, газ құрамын автоматты түрде анықтайтын жүйелерді енгізуді, бейнебақылауды орнатуды және басқа да қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Қазіргі уақытта «Жомарт» кенішіндегі жұмыс тоқтатылған, тергеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар комиссия осындай апаттардың алдын алу үшін қауіпті өндірістік нысандарда қосымша қауіпсіздік шараларын енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі.

Еске салсақ, 17 ақпан күні Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Жомарт» кенішінде шахтада тау жынысы опырылып түскен болатын. Оқиға кезінде 402 жұмысшы өздігінен эвакуацияланды, ал жеті кенші опырылған аймақта қалып қойды. 18 ақпан күні таңертең барлық жеті кеншінің денесі жер бетіне шығарылды.

Соңғы жаңалықтар