$ 475.38 € 547.73 ₽ 5.93

Жолбарыстар Қазақстанға қайта оралды: Жыртқыш аң табиғатқа жіберілді

Абдрахманов Мағжан
03 тамыз 2026, 17:52
Жолбарыстар Қазақстанға қайта оралды: Жыртқыш аң табиғатқа жіберілді Сурет авторы: ҚР Экология министрлігі

Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жолбарыс тарихи мекендеу ортасына жіберілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 31 шілдеде Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында Үміт есімді амур жолбарысының аналығы табиғатқа жіберілді.

Ведомство бұл оқиғаны Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіру бағдарламасының алғашқы практикалық кезеңі деп атады. Министрлік мәліметінше, жыртқыш елімізде жойылып кеткеніне 70 жылдан астам уақыт өткен соң тарихи таралу аймағына қайта оралды.

Биыл мамыр айында Ресейдің Хабаров өлкесінен Іле-Балқаш резерватына төрт амур жолбарысы жеткізілген болатын. Олар табиғатқа жіберілер алдында арнайы бейімдеу кезеңінен өтті. Барлық жануарға спутниктік GPS-қарғыбау тағылып, олардың қозғалысы тәулік бойы бақылауда болады.

Министрлік Іле-Балқаш аумағы Орталық Азияда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге ең қолайлы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Бұған табиғи жағдай мен жемтік қорының жеткілікті болуы негіз болған.

Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін арнайы жедел топ құрылған. Сонымен қатар жолбарыс елді мекенге шамамен бес шақырым жақындаған жағдайда тұрғындарды ескертетін хабарлау жүйесі іске қосылған.

Бұған дейін Қазақстанға Нидерландтан тағы екі жолбарыс әкелінген еді. Олар хайуанаттар бағында өскендіктен табиғатқа жіберілмейді және көбейту бағдарламасына қатысады.

Соңғы жаңалықтар