$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24

Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігін тексеруге кірісті

Абдрахманов Мағжан
27 қыркүйек 2026, 13:01
Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігін тексеруге кірісті Сурет авторы: ҚР ЖАП

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік аудит жүргізуді бастады. Тексеру барысында бюджет қаражатының қаншалықты тиімді пайдаланылғаны және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі қаралады.

Аудиттің басталғанын Жоғары аудиторлық палата 27 қыркүйекте хабарлады.

Мемлекеттік аудит Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрғаннан кейін басталып отыр. Комиссияға Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева жетекшілік етеді, ал Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов комиссия төрағасының орынбасары болып бекітілген.

Президент комиссияға Қорғаныс министрлігіндегі жалпы жағдаймен бірге әскери құрылымдардың қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін тексеруді тапсырған. Алғашқы нәтижелер жеті күн ішінде баяндалуға тиіс.

Бұл шешімдер Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін қабылданып отыр. 27 қыркүйекте Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына генерал-майор Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар