$ 522.38 € 612.6 ₽ 6.54

Жеңіс Қасымбек Астананың басты мәселелерінің бірін айтты

Редакция
12 желтоқсан 2025, 16:25
Жеңіс Қасымбек Астананың басты мәселелерінің бірін айтты Сурет авторы: informburo.kz

Астананың әкімі Жеңіс Қасымбек көлік кептелісі елордадағы басты проблемаға айналғанын айтты. Әкімнің айтуынша, екі–үш жыл бұрын басымдыққа алынған жылу, су және жаңбыр суын төгу жүйесі секілді мәселелер қазір айтарлықтай жақсарған.

«Қазіргі басты мәселе –  көлік қозғалысы», – деді Қасымбек маслихат сессиясында.

Әкімнің айтуынша, қала көлік инфрақұрылымын белсенді дамытып жатыр. Астанада жаңа жолдар салынып, екі көпір жобалануда, LRT жүйесін пайдалануға беру алдындағы дайындық аяқталуда. Тәуелсіздік көшесін ұзартқан соң, Мәңгілік Ел, Тұран және Қабанбай батыр көшелеріндегі кептеліс азаюы тиіс. Негізгі кептелістер Есіл және Нұра  ауданында, көпірлер маңында сақталуда.

Сонымен қатар Қасымбек мемлекеттік мекемелерде жұмыс күнін 7:30–8:00-ге ауыстыру қозғалыс жылдамдығына оң әсерін тигізгенін атап өтті. Қаладағы ең қарбалас сағаттарда көліктердің жылдамдығы 10–15%  артты.

Жақын арада әкімдік қаладағы көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын жариялайды, онда кептелісті азайтуға нақты шешімдер көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар