$ 441.89 € 502.56 ₽ 5.19
2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

«Жауапкершіліктен жалтармайды»: Қорғаныс министрі Каспийдегі қайғылы оқиға туралы айтты

Редакция
25 қыркүйек 2026, 17:37
«Жауапкершіліктен жалтармайды»: Қорғаныс министрі Каспийдегі қайғылы оқиға туралы айтты

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен жалтармайтынын мәлімдеді.

«Біз қаза тапқандардың отбасыларымен тұрақты байланыстамыз және оларға барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіп жатырмыз», – деді министр.

Қосановтың айтуынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

«Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылатын болады», – деді ол.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі осы іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлғаның ұсталғанын хабарлаған. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар.

Олар қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген күдікке ілінген. Тергеу іске қатысы болуы мүмкін басқа адамдарды да анықтап жатыр.

Соңғы жаңалықтар