$ 482.53 € 555.44 ₽ 5.92

Жастарға зейнетақы жинағын ерте шешіп алу қиындамақ

Абдрахманов Мағжан
27 наурыз 2026, 09:21
Жастарға зейнетақы жинағын ерте шешіп алу қиындамақ Сурет авторы: ашық дереккөзден

Қазақстанда 20–35 жас аралығындағы азаматтар үшін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға арналған жеткіліктілік шегін арттыру ұсынылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, тиісті үкімет қаулысының жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдардың келісуіне жолданған. Ұсынысқа сәйкес, жеткіліктілік шегі өткен жылмен салыстырғанда инфляция деңгейіне қосымша 2 пайыз үстемемен өсірілуі мүмкін. Яғни шартты түрде 2 млн теңге болған шек шамамен 10 пайызға жоғарылайды.

Ведомство дерегінше, соңғы бес жылда қазақстандықтар зейнетақы шоттарынан шамамен 5 трлн теңге алған. Оның ішінде 1 трлн теңгеге жуығы 20–35 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі. Министр жастардың жинақ шегінен сәл асқан жағдайда қаражатты бірден шешіп алу үрдісі бар екенін атап өтті.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, мұндай жағдай болашақта лайықты зейнетақы жинақтауға қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты жеткіліктілік шегін арттыру арқылы ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты сақтау көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар