$ 469.59 € 536.22 ₽ 5.96

Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуінен бас тартып, Канелоның салмағына ауысты

Абдрахманов Мағжан
21 шілде 2026, 17:02
Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуінен бас тартып, Канелоның салмағына ауысты Сурет авторы: No Limit Boxing

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтан кетіп, екінші орта салмақта жұдырықтасуға шешім қабылдады. Ол WBO тұжырымы бойынша чемпиондық атағынан бас тартты. Бұл туралы ұйым президенті Густаво Оливьери мәлімдеді.

Енді 72,6 келіге дейінгі орта салмақта WBO-ның уақытша чемпионы болған британдық Дензел Бентли толыққанды чемпион мәртебесін алды. Ұйым оның ерікті жекпе-жек өткізуіне рұқсат беру немесе кубалық Йоэнлис Эрнандеспен міндетті кездесуге шығару мәселесін шешеді.

Әлімханұлы жаңа салмаққа ауысу туралы шешімді АҚШ-тағы командасымен, промоутерімен және менеджерімен бірге қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, ендігі мақсат – 76,2 келіге дейінгі екінші орта салмақта әлем чемпионы атану.

«Орта салмақта екі чемпиондық атақты жеңіп алып, Qazaq Style-ды әлемге таныттық. Енді жолымызды екінші орта салмақта жалғастырамыз», – деп жазды боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Биыл ақпанда Жәнібек Әлімханұлының сынамасынан мельдоний табылғаннан кейін WBO оны бір жылға жарыстан шеттеткен. IBF қазақстандық боксшыны чемпиондық атағынан айырған еді.

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста 2016 жылдан бері өнер көрсетеді. Ол 17 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетіп, 12 қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатқан.

Соңғы жаңалықтар