Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне қатысты республикалық референдумның күні белгіленді. Жалпыхалықтық дауыс беру 15 наурызда өтеді.
Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Жарлық Қазақстан Республикасының Конституциясының 44-бабының 10) тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 18-бабына сәйкес қабылданды.
Құжатқа сәйкес, республикалық референдумға «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал шығарылады.
Президент Жарлығы мен Конституция жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жарияланады.
Референдумға дайындық пен оны өткізуді Референдумның орталық комиссиясының қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Үкіметке Орталық сайлау комиссиясымен және өзге де орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Конституциялық комиссияның жұмысы
21 қаңтарда елде Конституциялық комиссия құрылған болатын. Алғашында Ата Заңның 77 бабына өзгеріс енгізу жоспарланған. Бұл қолданыстағы мәтіннің шамамен 84 пайызына тең.
Алайда 29 қаңтарда комиссия мүшелері талқылау барысында ұсынылған түзетулердің ауқымы жаңа Конституция қабылдауды қажет етеді деген ортақ шешімге келген. Президенттің айтуынша, ұсынылған өзгерістер мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған.
Жаңа жоба мазмұны
31 қаңтарда жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. Құжат кіріспеден және 11 бөлімнен тұрады, барлығы 95 бап қамтылған. Жоба қоғамдық талқылаудан кейін пысықталып, 11 ақпанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия оны республикалық референдумға шығаруды ұсынды.
15 наурызда өтетін дауыс беру барысында азаматтар жаңа Конституцияны қабылдау немесе қабылдамау жөнінде өз таңдауын жасайды.