$ 447.73 € 502.98 ₽ 5.35

«Жаңа кен орны ашылғанмен бірдей»: журналист Қазақстанның IT экспортындағы өсімге назар аударды

Редакция
02 қазан 2026, 12:38
«Жаңа кен орны ашылғанмен бірдей»: журналист Қазақстанның IT экспортындағы өсімге назар аударды Сурет авторы: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Журналист Тоқтар Жақаш Қазақстанның IT-қызмет экспортының 1 млрд доллардан асуын ел экономикасы үшін жаңа мүмкіндік деп бағалады. Ол Facebook-тегі жазбасында Қазақстанның дәстүрлі мұнай, металл және астық экспортына енді технологиялық өнімдерді де қосатын уақыт келгенін жазды.

Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы Қазақстанның IT-қызмет экспорты 1,142 млрд долларға жетті. Бұл 2020 жылғы 33,5 млн доллармен салыстырғанда шамамен 34 есе көп. Қазақстандық IT шешімдері қазір 110-нан астам елде қолданылады.

Жақаш бұл көрсеткішті экономика үшін «жаңа бір кен орны ашылғанмен бірдей» деп сипаттады.

«Бұрын “Қазақстан не экспорттайды?” десе, “мұнай, металл, астық” дейтінбіз. Енді оған IT өнімдерін де қосатын уақыт келді», – деп жазды журналист.

Ол жасанды интеллектіні тек талқылаумен шектелмей, өндіріс, ауыл шаруашылығы, медицина, білім және бизнестегі нақты мәселелерді шешуге пайдалану керек деп есептейді. Сондай-ақ қазақстандық IT компаниялары мен стартаптардың сыртқы нарыққа шығуына көбірек мүмкіндік қажет екенін айтты.

Журналистің пікірінше, миллиард долларлық көрсеткіш – саланың алғашқы ірі нәтижелерінің бірі.

«Бұл енді Қазақстанның сыртқа сататын экспорты – мұнай емес, металл емес, қазақстандық ақыл мен технология болуы әбден мүмкін», – деп жазды ол.

Қазақстан IT-қызмет экспортын 1 млрд долларға жеткізуді бірнеше жыл бұрын стратегиялық міндет ретінде белгілеген еді. 2023 жылы Президент Үкіметке 2026 жылға қарай осы межеге жетуді тапсырған.

Соңғы жаңалықтар