$ 456.56 € 530.52 ₽ 5.28

Жаңа бапкер, ескі мәселе: ван ’т Шкип Қазақстан құрамасын өзгерте ала ма?

Абдрахманов Мағжан
12 тамыз 2026, 15:10
Жаңа бапкер, ескі мәселе: ван ’т Шкип Қазақстан құрамасын өзгерте ала ма? Сурет авторы: ҚФФ

Қазақстан футбол құрамасында тағы бір жаңа кезең басталды. 7 тамызда Қазақстан футбол федерациясы нидерландтық Джон ван ’т Шкиппен келісімге келгенін жариялап, сол күні оны ұлттық құраманың жаңа бас бапкері ретінде таныстырды. ҚФФ-тің алғашқы хабарламасында тағайындау Атқарушы комитет мақұлдағаннан кейін ресми рәсімделетіні айтылған. Соған қарамастан нидерландтық маман бірден жұмысқа кірісіп кетті: ол бапкерлер штабымен бірге Қазақстан Премьер-лигасының матчтарын қарап, құрамаға үміткер футболшыларды бақылап жүр.

ҚФФ басшылығы «Астана» - «Оқжетпес» матчын тамашалауда (сурет: ҚФФ)

Ван ’т Шкиптің түйіндемесінде «Аякс», Грекия және Армения құрамалары тұр. Бірақ үлкен атаулардың артындағы нәтиже біркелкі емес. Ол тарихындағы ең ауыр дағдарыстардың бірін бастан кешірген «Аяксты» турнир кестесінің соңғы орнынан бесінші сатыға көтерді. Грекиямен әлем чемпионатына жолдама ала алмады. Ал Армениядағы жұмысы небәрі төрт матчтан кейін аяқталды.

Qrnews тілшісі ҚФФ өзі белгілеген талаптарды, жаңа бапкердің бұрынғы жұмысын және Қазақстан құрамасының қазіргі жағдайын салыстырып, ван ’т Шкиптің ұлттық құраманы өзгерту мүмкіндігін саралап көрді.

ҚФФ қандай бапкер іздеді?

8 шілдеде ҚФФ Техникалық даму комитеті ұлттық құраманың болашақ бас бапкеріне қойылатын талаптарды арнайы бекітті. Федерация төрт негізгі қасиетті атады:

  • жоғары қысым жағдайында жұмыс істей алу;
  • тактикалық икемділік;
  • көшбасшылық пен коммуникация;
  • түрлі бағыттағы мамандардан тұратын толыққанды бапкерлер штабын басқара білу.

Ван ’т Шкипті таныстырған кезде ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн оны таңдауға халықаралық тәжірибесі, жаңа ортаға тез бейімделе алу қасиеті, жеңіске жету тәжірибесі, көшбасшылық қасиеті және қазақстандық жас бапкерлердің дамуына көмектесуге дайын болуы да әсер еткенін айтты.

ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн және жаңа бас бапкер ван ’т Шкип (сурет: ҚФФ)

Федерация жаңа штабтың алдына бірден нақты міндет қойды: 2026/27 жылғы Ұлттар лигасының C дивизионындағы топты жеңіп, B дивизионына қайта көтерілу. Қазақстан Словакия, Фарер аралдары және Молдовамен бір топта ойнайды. UEFA ережесі бойынша C дивизионындағы топ жеңімпаздары B лигасына тікелей көтеріледі.

Ал келісімшарттың мерзімі белгісіз. Скотт Манн оның шарттары құпия екенін айтып, Ұлттар лигасынан кейін нәтиже сараланып, ары қарайғы ынтымақтастық туралы шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Бұл ван ’т Шкипке берілген уақыттың өзі нәтижеге тікелей тәуелді болуы мүмкін екенін аңғартады. 

Неге таңдау ван ’т Шкипке түсті?

Джон ван ’т Шкиптің футболшы ретіндегі мансабы расында салмақты. Ол Амстердамның «Аякс» клубында ұзақ жыл ойнады, кейін Италияның «Дженоа» сапында өнер көрсетті. Нидерланд құрамасымен 1988 жылғы Еуропа чемпионатын жеңіп алды. «Аякспен» Нидерланд чемпионаты мен кубогын, Кубок иегерлері кубогын және UEFA кубогын иеленді.

ван ’т Шкиптің Аякста ойнаған кезі (сурет: ajax.nl)

ван ’т Шкиптің Нидерланд жейдесіндегі фотосы (melbournecityfc.com)

Бапкерлік жолын да «Аякс» жүйесінен бастаған. Кейін «Твенте», PEC Zwolle, мексикалық «Гвадалахара», аустралиялық Melbourne City клубтарын, Грекия мен Армения құрамаларын басқарды. 2016 жылы Melbourne City-мен Аустралия кубогын жеңіп алған.

Скотт Манн ван ’т Шкиптің дәл осы түрлі ортадағы тәжірибесі оны таңдаудағы басты себептердің бірі ретінде көрсетті.

Футбол функционері, бұрынғы футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен ван ’т Шкиптің қиын жағдайда тұрған командаларда жұмыс істеген тәжірибесі бар екенін мойындайды. Оның сөзінше, қазір Қазақстан құрамасының өзі де оңай кезеңді бастан өткеріп жатқан жоқ.

Ермұхамед Мәулен (сурет: ҚФФ)

«Қиын жағдайдағы, құлдырап жатқан командаларда жұмыс істеген. Тағы сондай жерге келіп отыр. Біз де қиын жағдайда тұрған құрама ретінде шақырып отырмыз ғой бұл маманды. Ештеңе көмектеспей жатыр. Бапкер ауыстырды. Болмады. Әли Әлиевті қойып көрді. ҚПЛ-де ешқандай жетістікке жетпеген маман болса да. Талғат Байсуфинов келіп, кішкене жақсарып қалып еді. Ол да кетті», – деді Ермұхамед Мәулен Qrnews-ке берген пікірінде.

Яғни Мәуленнің ойынша, ван ’т Шкиптің дағдарыстағы командалармен жұмыс тәжірибесі бар. Бірақ Қазақстандағы негізгі мәселе тек бас бапкерді ауыстырумен шешіліп жатқан жоқ.

Грекия: статистика бар, жолдама жоқ

Ван ’т Шкип Грекия құрамасын 2019–2021 жылдары басқарды.

Оның жалпы көрсеткіші жаман көрінбейді: 26 матч, 11 жеңіс, 9 тең ойын және 6 жеңіліс.

Бірақ басты мақсат орындалмады.

Сурет: Duygu Getiren/TT via AP

2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Грекия Испания, Швеция, Грузия және Косовомен бір топқа түсті. Сегіз ойында небәрі екі рет жеңіп, төрт рет тең түсті және екі рет ұтылды. Нәтижесінде үшінші орынмен қалып, әлем чемпионатына өте алмады. Испаниядан 0:1 есебімен жеңілгеннен кейін Грекияның алғашқы екі орынға кіру мүмкіндігі мерзімінен бұрын үзілді.

Көп ұзамай ван ’т Шкип қызметінен кетті. Ол федерациямен футболға деген көзқарастары сәйкес келмегенін айтқан.

Ермұхамед Мәулен бұл кезеңді сәтті деп есептемейді.

«Әлбетте, табысты емес. Нәтижесінде Грекия әлем чемпионатына өте алмады. Мұндай нәтижеден кейін ол жақтағы жұмысын табысты деп айту қиын», – дейді сарапшы.

Грекияның соңғы ірі турнирі 2014 жылғы әлем чемпионаты еді. Одан кейін Грекия Еуро-2016 мен 2018 жылғы әлем чемпионатына да өте алмады. Ван ’т Шкип сол сәтсіз кезеңнің ортасында келген. Яғни ол Грекияны ұзаққа созылған дағдарыстан шығара алмады.

«Аякс»: соңғы орыннан Еуропаға, бірақ бесінші орын жеткілікті ме?

Ван ’т Шкиптің пайдасына айтылатын ең мықты аргумент – оның «Аякстағы» жұмысы.

2023 жылдың күзінде Нидерландтың ең атақты клубы бұрын-соңды болмаған дағдарысқа түсті. Қазан айының соңында команда Эредивизиеде соңғы орында тұрды. Бас бапкер қызметінен кеткен соң клубты маусым соңына дейін ван ’т Шкип қабылдады.

Сурет: ajax.nl

«Аякстың» өзінің жылдық есебінде жаңа бапкер келгеннен кейін команданың турнир кестесінде жылдам жоғарылағаны жазылған. Маусым соңында амстердамдықтар бесінші орын алып, Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Бұл – дағдарыста қалған команданы тұрақтандырғанының нақты мысалы.

Бірақ Ермұхамед Мәулен бесінші орынды ван ’т Шкиптің үлкен жетістігі ретінде көрсетуге қарсы.

«Чемпион болса, мақұл ғой. “Аякс” ондаған жыл бойы Нидерландтағы үздік командалардың бірі болды. Чемпиондар лигасында Реалды жеңіп, жартылай финалына дейін жеткен клуб. Сондықтан бесінші орын ауыз толтырып айтатын нәтиже емес», – дейді ол.

Екі баға да белгілі бір деңгейде орынды. Бесінші орын «Аякс» үшін қалыпты жағдайда жетістік емес. Бірақ ван ’т Шкип команданы қабылдаған сәттегі соңғы орынды есепке алғанда, турнирлік жағдайдың жақсарғаны анық.

Сонымен бірге оның тұсында «Аякс» тағы бірнеше ауыр соққы алды. Ең есте қалғаны – «Фейеноордтан» 0:6 есебімен жеңілу. Бұл «Де Классикер» тарихындағы «Аякстың» ең ірі жеңілісіне айналды. Матчтан кейін ван ’т Шкип командасының барлық компонент бойынша қарсыласынан әлсіз болғанын өзі де мойындаған.

Cурет: X/ @Santigim11

Яғни «Аякс» кезеңінен шығатын қорытынды екіұшты: ван ’т Шкип құлдырауды тоқтата алды, бірақ команданы бұрынғы деңгейіне қайтара алмады.

Армения: төрт матч және 16 жіберілген гол

Қазақстан үшін ең алаңдататын тәжірибе – ван ’т Шкиптің соңғы ұлттық құрамасы.

2025 жылғы ақпанда Армения футбол федерациясы онымен «1+1» форматындағы келісімшарт жасасты. Мақсаттардың бірі – 2026 жылғы әлем чемпионатына таласу және Ұлттар лигасында B дивизионына көтерілу еді.

Бірақ нидерландтық маманның жұмысы бірнеше ай ғана созылды.

Сурет: Sport.news.am

Ван ’т Шкиптің тұсында Армения төрт кездесу өткізді: бір тең ойын, үш жеңіліс, бес соғылған және 16 жіберілген гол. Грузиямен Ұлттар лигасының екі матчында Армения 0:3 және 1:6 есебімен ұтылды. Косовомен жолдастық кездесуде 2:5 есебі тіркелсе, Черногориямен матч 2:2 аяқталды.

Тамызда тараптар ынтымақтастықты тоқтатты. Армения футбол федерациясы кейін жергілікті мамандармен жұмыс істеу бағытын таңдағанын мәлімдеді.

Қазақстандағы таныстыру кезінде ван ’т Шкиптің өзі де Армениядағы нәтижесіне көңілі толмағанын жасырмады.